Ауылдың мәселесін сол ауылдың әкімі шешуі қажет

Ауылдың мәселесін сол ауылдың әкімі шешуі қажет
adilet-gazeti.kz

2022 жылы Мемлекетіміз әділеттілік жолына тарихи бетбұрыс жасады. Алда Әділетті Жаңа Қазақстанды құру мақсаты тұрды. Мемлекет пен қарапайым халық үшін аса маңызды бұл идеяның бастауында – Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Әділетті мемлекет құру – Жаңа Қазақстанды дамытудың стратегиялық  мақсаты ретінде – бүгінгі заң жүйесі халық пен биліктің ұстанымдарын  ортақ шешімдер қабылдауға негіз қалап берді.      

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жақында Қазақстан халқына Жолдауында еліміздегі экономикалық өзгерістерден бастап, қоғам өміріндегі әділеттілік орнықтыру негізіндегі жалпыұлттық сипаттағы мәселелерді қамтыған.

Президенттің биылғы Жолдауын  мұқият тыңдадым. Жолдау аса маңызды, өзекті мәселелерді қамтыған. Айтылған мәселелерді қоғамның жылы қабылдағаны анық аңғарылды. Жолдауда айтылған шаралар үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп ойлаймын. Айтылған сөз, берілген тапсырмалар елдің болашағына, экономикасына, білім мен өндіріс саласы әлеуетінің артуына, жастарды қолдауға және әлеуметтік  мәселерді  шешуге бағытталғаны көрініс тапты. Оның ендігі барлық шарттарының орындалуына алдымен әділдік пен адалдық керек.

Әділ мемлекет – әділетті экономика – әділ қоғам – өзара байланысты осы негізгі үш тұжырым оның үштағаны десек те болады. Осы аталған үш постулат үлкен  мақсатқа жеткізетін мақсатқа ие.     

Жеке өз басым ұзақ жылдар бойы  заң саласында жауапты қызмет атқарғандықтан, табиғатыма бір табан жақын сала туралы айтылған адалдық сөздеріне риза болдым.  Дәл бүгін бізге қоғам мен билік арасындағы пәтуа, келісім мен үйлесім, өзара сенім мен сыйластық керек. Әр адам өз орнын білгені шарт. Бұл туралы Конфуций: «Әр адам өз ісін атқара білсін. Билеуші ел билесін, жұмысшы еңбек етсін, әке – әке, бала – бала орнында болсын. Тұрмыстың осы қарапайым қағидасы бұзылса, мемлекет іштен іриді. Өмірдің сиқы қашады, сыйластық жойылады, ел ішін алауыздық пен өтірік-өсек жайлайды. Үлкен өрт кішкене шақпақ тастан шыққан ұшқыннан басталады», -дейді. Рас, айтылған сөз.

Қазақстан Президенті «Әділетті Қазақстан» мен  «Адал азамат» сияқты  ұғымдардың біздің қоғамымызда басымдық танытуы тиіс екенін атай келіп, жастар арасында креативтілік, мобильдік ашық сұхбатқа дайындық сияқты қасиеттердің кеңінен таратылуына назар аударуы өте құптарлық шара болып отыр. Себебі, демократиялық ашық көріністің  айшықтала түсуі қазіргі кезеңде өте маңызды. Біз «Әділетті  Қазақстан» мен  «Адал азамат»  ұғымдарын ерекше құндылықтар ретінде дәріптеп қана өркениетті елдер қатарына қосыла аламыз.

Елімізде заң үстемдігі орнап, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің нақты жүйесі пайда болып, азаматтардың конституциялық құқықтары сақталғанда ғана біз барлық салада ілгері басамыз. Бұл еліміздегі саяси жаңғырудың да басы болмақ. Сондықтан ол әртүрлі қызмет  түрлерімен айналысатын субъектілермен мен қарапайым азаматтар имиджіне де салмақ салмауы тиіс. Егер бұл талап бұзылса, мемлекеттік жүйенің барлық институттарына деген сенімді жоғалтады.  Мәселе осында жатыр.

Атаққа бай болғаннан, абыройға сай болған абзал. Жоғарыда айтып өткенімдей, қоғамның тірлігіне кеңірек араласқан соң, қалың жұрттың тыныс-тіршілігін терең  сезінесің, ақ пен қараның айырмасын айқын аңғарасың. Көпке топырақ шашқымыз жоқ,  бірақ көңіліңді құлазытатын сәттер болып жатады. Қазір қызметке орналасу қияметтің қияметі, біреуді біреу жағалап, алдына салып жүреді.  Тоқпағы мықтылар киіз қазықты тасқа да кіргізеді.  Біреуге біреу сыйластықтан гөрі, кіріптарлықтың қарыз қамытын кигізеді.

Басшы атану үшін ғана  жұмысқа кірсең, басшыдай жұмыс істей алмайсың. Өз буыңа өзің пісіп, жарылқаушыңа жалтақтаумен, не адал, не әділ бола  алмай күн кешесің. Әңгіме әділдік, адалдық болып қалды ғой, бір мысал айта кетейік.

Бірде Түркия Республикасының негізін қалаған Ата Түрікке бір кейуана  келіп: – Мен Сіздің Солоникедегі көршіңізбін. Өзіңіз кішкентай кезінде талай жетектеген менің  сол баламның  мамандығы теміржолшы. Соған жасаған қайырымыңыз  ретінде теміржолға қызметке орналасуына жәрдем етсеңіз, жақсы болар еді, депті.  Сонда президент оған: – Шешей, темір жол  бекетінің басшысына барып, мені жіберді, деп айтарсыз, деп көңілін көтеріп жіберіпті. Арада біраз уақыт өткесін, әлгі кейуана  президентке қайта келіп, баласын қызметке қабылдамағанын айтып шағымданыпты. Сонда Ата Түрік – мені айтсаңыз да қабылдамады ма, ма деп таңданыпты. Иә, Сізді айтсам да, қабылдамады. Бұған риза болған президент: – Уа, Алла,  менің көксеген  арманым да осы еді,  деп қол шапалақтап жіберіпті.  Ақыры әділ мемлекет  құруға бет алыппыз ғой, деп өз-өзіне таңданыпты.  Бұл да жоғарыда айтқанымдай, мемлекеттік жүйенің имиджін сақтаудың зайырлы бір мысалы.    

Қазіргі күрделі жаһандық геосаяси өзгерістер мемлекетіміздің құрылымдық іргетасы саяси басқару саласын жаңғырту, экономикалық қайта құруды талап етіп отыр. Бұл – жұртшылыққа ортақ мүдде. Президент бұдан бұрынғы Жолдауын келешектегі іс-әрекеттер стратегиясына негіздеп, Президент жанынан Адам құқықтарын қорғау жөніндегі  уәкіл институтының құрылатындығы жөніндегі  мәлімдемесінен бастаған-ды. Ол қабылданған түрлі салалардағы  заң нормаларының сақталуына бақылау орнату және әрбір азаматтың құқығы мен еркін қорғау қажеттілігін қоғам  тәртібіне  қойған-ды. Президент өз Жолдауында: «Адам құқығын қорғау саласында маңызды қадамдар жасалды. Әділдікті және заң үстемдігін орнату үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Шешім қабылдау үдерісіне азаматтардың қатысу мүмкіндігі артты. Қоғамның саяси мәдениеті мүлде жаңа  сипатқа ие болды» деді.  Осылай жасау арқылы мемлекет қоғам игілігінің жоғары денгейін кепілдендіріп, халықтың сенімі мен көңіл-күй ауанын тыныштандырды. Осыған сай, өзгерістер де жасалды.  Бұл Жолдауда мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту, мобилизациялық іс-қимыл әрекетіне көшу туралы батыл қадамдарға баруға жол беріліп отыр. Оған алғашқы фактор ретінде – орталықсыздандыруға қажетті саяси қадамды айтуға болады.  Екінші фактор – адами  қарым-қатынас факторының дамуы. Үшінші фактор  – экономикалық, шикізат, су ресурстарына бағытталып отыр. Ең бастысы, жергілікті атқарушы  органдардың халықпен бірлесіп жұмыс істеуіне еркіндік берілуі.  Теориялық тұрғыдан алғанда  сырттай бәрі дұрыс сияқты көрінеді. Бірақ бәрі олай емес.   Қоғам дамуына жаны ашитын адам бостан-бос қарап отыра алмайды. Ел ішінде көп боламыз, ілгерілеуді де, кемшілікті де көріп қаламыз. Сондағы ойымыз, жалпы, ауылдың мәселесін аудан немесе облыс әкімі шешпеуі тиіс, оны сол ауылдың әкімі шешуі қажет. Мемлекет басшысы осы мәселені енді жергілікті орындарға беріп отыр.  Шын мәнінде жергілікті өзін-өзі басқару  институттарының қол-аяғын ұзартып, олардың өкілеттілігін арттыру мемлекеттік басқару институтын демократияландыру көптен сұралып келді. Президент осы Жолдауында осы кемшіліктің бәрін жоюға ұсыныс тастады.  Бұл жердегі кедергі бар мәселе – бюрократиялық жайбасарлықта болып тұр. Осыған байланысты Президент: «Бюрократия мен сөзбұйдаға салынбай, Президент Әкімшілігіне жалтақтамай, экономиканы дербес басқарудың барлық әдіс-тәсілдерін қолында ұстауға тиіс...

Мемлекеттік аппаратты бюрократиядан арылту жолындағы жүйелі жұмыс жалғаса береді. Мемлекеттік жоспарлау жүйесін түбегейлі өзгерту қажет. Бізге оның мейлінше шағын және қолайлы болғаны маңызды. Сондай-ақ, тапсырмалардың орындалуын бақылау  және бағалау жұмысын да  қайта қарауымыз керек. Бұл – жұртшылықтың сұранысы. Басқаша айтқанда, қазіргі қоғамда жаңа  әдіс-тәсілдерге, жаңа идеяларға, жаңа кадрларға деген сұраныс аса жоғары. Сондықтан саяси мемлекеттік қызметшілердің резерві құрылады, соның арқасында «қосымша кадрлар тобы» қалыптасады» деді.  Одан артық не айтуға болады?                  

Еліміз адамзаттың өркениеттік дамуының бір­ден-бір сара жолы – демократиялық саяси жүйеге бағыт ұстанды. Мұның өзі осыған дейін әлеуметке қызмет атқарып келген саяси, эконо­микалық, рухани салаларда түбегейлі өзгерістер жасауды қажет етіп отыр. Оны халық қазірдің өзінде  қолдап отыр.

Адамдардың азаматтық қоғамды қалыптастыру­дағы негізгі мақсаты – өз меншіктерін бейбіт әрі қауіпсіз пайдалануға ұмтылуынан тұрады. Оның негізгі құралы сол қоғамда орнатылған заңның пәрменділігі. Заңға – заң шығарушы билік пен құқық қорғау органдарының өздерінің бағынуы қоғамның әрбір мүшесін сақтау мен оларды игілік істерге бастайтыны анық. Халықтың өмірі мен қазынасына қатынаста деспоттық билік емес, достық рәуіштегі қатынас керек. Бүгінгі күні ешкім өзге адамға өзінің меншігінен айыруға артық билікті бере алмайды және ешкім өзінің немесе өзге біреудің үстінен абсолютті билік жүргізуге жол бермейді. Сондай-ақ, өз өмірін немесе басқа адамның өмірі мен мүлкін айыру құқығына ие бола алмайды. Осындай болғанда ғана қоғам сақталады және ілгері дамиды. Мұндай жағдайда қоғамның сенімі бойынша жұмыс атқарып отырған атқарушы билікке қоғамның кез-келген мүшесі бағынады.

Тәуелсіз Қазақстан үшін өркениетті елдер қатарына өту жолында, экономикалық реформа­лармен қатар, көптеген саяси әлеуметтік және рухани мәселелерді шешу қажеттігі туындауда. Дәйекті демократия мен ашық қоғам қалыптас­паған жағдайда өркениетті нарыққа өту де мүмкін емес.

Адам құқықтары – ең жоғары мәдени құнды­лықтардың бірі. Себебі, ол барлық қоғамдық даму үрдістерінің ортасына тұлғаны қояды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында айрықша тоқталған мәселелерінің бірі – әділеттілік тақырыбы болды. Қоғамымызда орын алып отырған келеңсіздік туралы айтқан сөздері ойлы болды.

Президент ол туралы: «Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды, ешкім сырттан келіп, Қазақстанды  көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ.

Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында  нақты айттым.

Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіру қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.

Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың «Толық адам»  ілімінен бастау алатын «Адал азамат»  тұжырымдамасының  түпкі мәні – осы.

Тағы да қайталаймын: Әділетті  Қазақстан және Адал азамат  ұйымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс. Шын мәнінде, адалдық жоқ жерде ешқашан әділдік болмайды.

Әрбір адам ісі мен сөзі бір жерден шығатын Адал азамат  болса, әділдік орнайды» -деді. Ұлы тұлғалардың өсиеті ғажап. Айтқан пайымдары сан мыңдаған ұрпаққа азық. Осыны саралаған хакім Абай бабамыздың: «Толық адам» іліміне келіп саятыны анық.  Ол  кемелденуге бас қойған қоғамды нұрға бөлеп, теңдікте ұстап тұрудың маятнигі.

Сана демекші, біздің қоғам дамудың ұзақ үдерісінен өтті және қазіргі кезде ол өрлеу үстінде. Әр адамның репликациясының сезгіштік, гамологиялық құрылымы адамның оянуының нәтижесі болып табылады. Демек, бұл – адам ақылының оянуының голографиялық элементі. Конфуций  ілімінің «төрт кітабының» бірі Ұлы ілім «өнегелі тәрбие, отбасын сақтау, елді жақсы күйде басқару және әлемде  бейбітшілік орнату» болып табылған. Біздің Президентіміздің де барлық бастамасы осыған саяды.

     Қазір бізге саяси демократиядан гөрі әлеуметтік демократияны көбірек қолдауға назар аудару керек болып тұр. Президент осыны көздеп отыр. Жұрт­тың бәріне бірдей жағатын заң жоқ, бірақ оған бағы­ну керек. Азаматтардың шынайы теңдігі заң­дарға олардың бәрінің бірдей бағынуында жатыр.

Ал әлеуметтік демократияның көтерер жүгі ауыр. Адамдарды жақсы сөзбен, мақтау-марапаттаумен бір сәт көңілін көтеруге болады. Алайда, басында баспанасы, тұрақты жұмысы болмаса, ол түбі бір мазасыз күйге түсетіні анық. Әлеуметтік демокра­тияның басты принципі – адамның өзі қалаған ортасында еңбек етуі. Өзінің алған кәсіби біліміне, өзінің интеллигенттік деңгейіне сай жұмыс істеу, еңбек ету, табыс табу – бұл демократияның басты принципі. Демек, әлеуметтік демократия саяси демократиядан биік тұруы осыдан көрінеді. Ол үшін тағы да ұзақ уақыт саяси катаклизмдерді бастан өткерудің қажеті жоқ.

Ой, ұсыныс дұрыс болса, оған үркіп қараудың да қажеті жоқ. Елімізде саяси плюрализм бар. Тек мәселе ашық, қоғамға пайдасы тиетіндей болуы керек. Мәселе үндемегеннен өліп жатыр. Бізде қалай? Президенттің алдында жақсы жақтарын айтып, есебін сәтті беруге бойымыз үйреніп алған. Президент енді оған тыйым салып отыр.

Бізге ең біріншіден, жергілікті жерлердің өзін-өзі басқару жүйесін қалыптастыру керек. Ол – әзірге қоғамдағы өте әлжуаз буын болып тұр. Ол туралы жоғарыда айттық, бірақ тағы қайталауымызға тура келіп тұр. Қоғамдағы әлеуметтік, гуманитарлық ахуал да осы ортада нақты орнықпаған. Ұзақ уақыттар бойы тапжылмай тұралап қалған осы салаға Президент Жолдауда басымдық берген.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біздің қағидамыз баршаға мәлім: «Қуатты аймақтар – қуатты Қазақстан. Азаматтарымызды толған­дырған нақты мәселелер жергілікті деңгейде шешілуі тиіс. Жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін нығайтамыз. Аймақтағы қордаланған мәселелерді шешуге халық белсене араласатын болады» деп нақтылап айтып берді.

Қоғамдық мақұлдауы алмаған заңдар заң болып табылмайды. Қазақстан Президенті қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтармен байланыс орнататын Ұлттық Құрылтай құруда осыны меңзеген болатын. Бұл бастама азаматтық қоғам мен билік арасындағы диалогты күшейтетін нақты қадам. Сондықтан оған халық арасындағы қабілетті, саналы, парасатты азаматтарды мемлекет мүддесіне тарту ұйымдастырылған.

Еліміз тәуелсіздік алып, әлемдік деңгейде толық танылды. Іргелі елдердің қатарына қосылу – тек экономиканы түзеудің жемісі болмасы анық. Рухани өмірі жұтаң ел өркениеттің көшіне ілесе алары күмәнді. Адамзат басынан кешіріп отырған жаһандану процесіне әртүрлі көзқарас бар. Оны бірі қолдаса, енді бірі қарсы. Алайда, мойындауға тиісті ақиқат – кез-келген мәдениеттің томаға-тұйық шеңбер аясында шарықтап дамуы неғайбыл. Демек, өркениет табысына ортақтасу­сыз алға жыл­жу мүмкін емес. Бұл – әлемдік тәжірибе. Әлем үлгі алатын жапон елі де осындай жолдан өткен. Бірақ жапон халқы осы жолда бір құндылықты естен шығармады. Басқару трак­татын бір формула – жауапкершілік жүйесімен жүргізді. Қоғамға қызмет ету азаматтардың басты ісі болудан қалған кезде және олар оған жеке өзі емес, әмияндары арқылы қызмет етуді қаласа – мемлекеттің құлайтынын естен шығармады. Отанға деген сүйіспеншіліктің суынуы, жеке мүдделердің үздіксіз әрекетінен болатынын білді. Ал оған жол беруге болмас еді.

Мемлекет көбіне билік басындағы азамат­тарына қарап, бой түзейді. Мәселен, жапондар өзінің дәстүрлі мәдениетінен сабақ үзбей, үлкен Жапонияны құрды. Бұл – Жапониядағы саяси элитаның мықтылығын көрсетті. Басқару функциясында әрбір жапон азаматы өзінің ұлттық дәстүрі мен салтына құрметпен қарап, ұлттық мәдениетін сақтай білді. Жапондар «Еуропа білімі, жапон рухы!» деген бір ғана формула шеңберінде дамыды. Күншығыс елі техникалық дамуға ден қоя отырып, ділін, тілін, рухын сақтап қалды.

Қазақстан Президенті осы мақсатта: «Қазақстан – біздің жалғыз Отанымыз. Оның іргесі берік, керегесі кең, төрт құбыласы түгел болуы – өз қолымызда.  Бабалардан мирас болған ұлан-ғайыр жерді қорғау, оны өркендету – біздің перзенттік парызымыз.

Мен еліміздің әрбір азаматын осы қасиетті парызға  адал болуға шақырамын.

Берекелі бірлігімізді сақтап, табанды еңбек етсек, Отанымызды  көркейтіп, ұрпаққа дамыған мемлекет ретінде табыстасақ, бабалар аманатына  адалдық деген – осы!» - деуі  нағыз үндеу деуге болады.