Ата-анасын қарттар үйіне өткізгендер жауапқа тартылады

Ата-анасын қарттар үйіне өткізгендер жауапқа тартылады
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Жогорку Кенеш депутаты Тазабек Икрамов қарт ата-аналар үшін еңбекке жарамды балалардың жауапкершілігін күшейтуді ұсынып отыр. Ол тиісті заң жобасын парламенттің Конституциялық заңнама, мемлекеттік құрылым, сот-құқықтық мәселелер және регламент жөніндегі комитетінің отырысында таныстырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kg-ге сілтеме жасап.

Халық қалаулысы Қылмыстық және Отбасы кодекстеріне және «Мемлекеттік қызмет және муниципалдық қызмет туралы» заңға өзгерістер енгізуді ұсынып отыр.

Бүгінде қарт ата-ананы қарттар үйіне қалдыру қалыпты жағдайға айналды.

«Әлеуметтік мекемелердегі қарттардың саны артып келеді. Олар әртүрлі себептермен сонда келеді, бірақ сол әлеуметтік мекемеде қалуды жөн санайды. Ата-анасын тастап кеткен азаматтарды жауапқа тарту үшін сот шешімі қажет. Бірақ іс жүзінде бірде-бір ата-ана баласына арызданбайды. Бұл заң жобасы қабылданған кезде адам қарттар үйіне кірген кезде мекеме басшылығы автоматты түрде құқық қорғау органдарына арыз жіберіп, іс сотта қаралады», - деді ол.

Депутат ата-анасын қарттар үйіне қалдырған азамат жауапкершілікке тартылса, айыппұлды 50 мыңнан 100 мың сомға дейін көтеруді ұсынып отыр. Бұл норма Қырғыз Республикасы Қылмыстық кодексінің 179-бабы «Балалардың ата-анасын асыраудан жалтаруы» деп көрсетілген.

Комитет мүшелері заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.