Алматыда «Дәстүрлі әуен» музыка фестивалі өтеді

Алматыда «Дәстүрлі әуен» музыка фестивалі өтеді
Сурет: El.kz

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының Қоғамдық даму орталығының ұйымдастыруымен ашық аспан астында «Дәстүрлі әуен» музыка фестивалі өткізіледі.

Фестивальдің мақсаты: Мәдени мұраға айналған қазақ әуендерін танымал етуге, елге деген сүйіспеншілік, мақтаныш және құрмет сезімін тәрбиелеуге ықпал ету.

Бұл жобаны іске асыру - өскелең ұрпаққа қазақ жерінің бай мәдени игілігімен жақынырақ байланыста болуға, орындаушылар мен фольклорлық ұжымдардың халық әндері мен әуендерін орындау арқылы қазақ халық аспаптарының (домбыра, қобыз, шертер, жетіген) дыбысталуынан ләззат алуға мүмкіндік береді.

Фестивальге Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық аспаптар ансамблі, іріктеуден өткен балалар өнер ансамблдері және жеке орындаушылар қатысып, 3 бөлімде өнер көрсетеді:

- Балалар музыкалық ансамблдері, жеке орындаушылар;

- Жасөспірімдер ансамблдері, жеке орындаушылар;

- Аға буын өнерпаздары. Халықаралық конкурстардың лауреаттары, Қазақстан Республикасының мәдениет және өнер қайраткерлері, шығармашылық ансамбльдер мен фольклорлық ұжымдар.

Фестиваль барысында ұлттық аспаптарымыздың қоңыр үні естіліп, ұрпақтар сабақтастығымен жалғасып келе жатқан дара тұлғалар Құрманғазы, Түркеш, Нұрғисаның күйлері, Мұхит, Кенен, Молдабайдың әндері орындалып, тыңдарман қауымның жүрегіне ерекше көңіл-күй сыйлайтын дәстүрлі әуендер шырқалмақ.

Өткізілу орны: Орталық мәдениет және демалыс саябағы.

Өткізілу уақыты: 27-қыркүйек- 2023 жыл. Сағат 16:00-де