«Артспорт» жобасы аясындағы кемшіліктер қандай?

«Артспорт» жобасы аясындағы кемшіліктер қандай?
Сурет: Newtimes.kz

«Артспорт» жобасын жұртшылық жылы қабылдаған болатын және тегін үйірмелер мен секцияларға бару арқылы балалардың дамуына ықпал етті.

Алайда, кейіннен сыбайлас жемқорлық қаупі төнетін көптеген фактор анықталып отыр. Сенатор Руслан Рүстемов еліміз Премьер-Министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында осы проблемаларды шұғыл шешудің маңыздылығы туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Сенатордың айтуынша, бағдарламаны енгізу облыстық мәдениет және спорт басқармаларына қосымша ауқымды жүктеме түсірді. Басқарма тарапынан қадағалау, тексеру және ақы төлеу жөніндегі жұмыстардың көлемін ескере отырып, қаржының нысаналы жұмсалуында кемшіліктерге жол беру қаупі жоғары болып отыр.

«Аудандар мен облыстық маңызы бар қалаларға бөлінетін қаражатты әр аумақтағы балалардың санына қарай пропорционалды есептеп, бағдарламаны жүргізу және қаржыландыру функциясын аудандық, қалалық бюджеттерге беру - кезек күттірмейтін мәселе», - деді Руслан Рүстемов.

Сенатор «Артспорт» бағдарламасы бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үшін бірыңғай ақпараттық жүйенің жоқтығына да назар аударды.

Депутаттың сөзіне қарағанда, өңірлердің түрлі ақпараттық жүйеге көшуі кәсіпкерлерге төлем жасауды кешіктіреді және қаржыны мақсатты жұмсау кезінде тәуекелдер болады.

«Бағдарламаны тиімді іске асыру үшін бірыңғай ақпараттық жүйені айқындау, жалпы, республикалық желіні қалыптастыру үшін салалық нормативтік құқықтық актілерге маңыз беруді Мәдениет және спорт министрлігіне тапсыруды сұраймыз», - деді сенатор.