Алматыда қала әкімінің кубогы үшін ТесһСир-2022 чемпионаты өтті

Алматыда қала әкімінің кубогы үшін  ТесһСир-2022 чемпионаты өтті
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Турнирге Қазақстанның түкпір-түкпірінен мектеп оқушылары, колледждер мен ЖОО студенттері, кәсіпкерлер, сонымен қатар, білім беру идеялары мен жобаларының авторлары қатысты.

TechCup робототехника және инновациялық технологиялар бойынша екі күндік чемпионат Almaty Arena мұз сарайының алаңында өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Чемпионатқа барлығы 7-22 жас аралығындағы 1300-ден астам қатысушыдан тұратын 704 команда қатысты. TechCup-2022 жүлде қоры 4,6 млн теңге.

Әкім кубогы мен 1 млн теңгені, яғни бас жүлдені Алматы қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебі химия-биологиялық бөлімшесінің командасы иеленді.

I дәрежелі дипломды 24 команда; II дәрежелі дипломды - 37 команда; III дәрежелі дипломды - 61 команда алды.

Бұған қоса, чемпионатқа қатысушыларға республиканың үздік жоғары оқу орындарынан 4 жыл ішінде оқуға 18 грант бөлінді. Атап айтқанда, Қазақстан-Британ техникалық университетінде оқуға 5 грант; Халықаралық инженерлік-технологиялық университетке 5 грант; Халықаралық ақпараттық технологиялар университетіне 5 грант; Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық зерттеу университетіне 3 грант бөлінді. 18 гранттың 10-ын Алматы қаласы мектептерінің түлектері еншіледі.

Чемпионатты Алматы қаласының білім басқармасы ұйымдастырды.