Армия спортшылары самбодан халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды

Армия спортшылары самбодан халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды
Сурет: Ашық дереккөзі

Жарыста әскери спортшылар 4 медаль жеңіп алды

Ақтаудағы «Маңғыстау-аренада» спорттық және жауынгерлік самбодан Азия кубогына халықаралық жарыс өтті. Онда 9 елден 200-ге жуық спортшы күш сынасты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Турнирге Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының өкілдері де белсенді түрде қатысты. Бүгінде Қарулы күштерде осы әскери-қолданбалы спорт түрін кеңінен насихаттауға баса назар аударылып отыр.

Жарыста әскери спортшылар 4 медаль жеңіп алды. Өз салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен ефрейтор Арнұр Қуатай, сондай-ақ Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы спорт ротасының жауынгерлері Әсет Анарбаев пен Есентай Имаханов жеңімпаз атанса, Жасұлан Нариманов екінші орынды иеленді.

Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубы өкілдерінің жетістіктері Қазақстан құрамасының турнир қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есепте жеңіске жетуіне елеулі үлес болды.