Алматының үш сайлау округінде Мәжіліс депутаттарын сайлауда жоғары бәсекелестік күтілуде

Алматының үш сайлау округінде Мәжіліс депутаттарын сайлауда жоғары бәсекелестік күтілуде
Cурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында Алматы қалалық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Қалықова айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мәслихат сайлауы кезінде жоғары бәсекелестік күтілуде – бір орынға 12 үміткер.

Айгүл Қалықова ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы бойынша сайлау науқаны кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен бастап 18 ақпанда басталғанын еске салды.

АСК-ның мәліметіне сәйкес, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына 2023 жылғы 20 қаңтар мен 8 ақпан аралығында Алматы қаласынан барлығы 143 кандидат ұсынылды.

«ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына барлығы 104 кандидат тіркелді. 36 кандидатты тіркеуден бас тартылды. Негізгі себептер: тиісті құжаттарды ұсынбау сондай-ақ кандидаттарға қойылатын талаптарға сәйкес келмеуі. Ал бір кандидат Мемлекеттік кірістер департаментінен декларация бойынша өте алмады. 2 адам кандидатурасын кері қайтарып алу туралы өтініш берді», - деп хабарлады А.Қалықова. 

Жалпы, округтер бойынша ұсынулар келесідей болды:
- Ең жоғары бәсекелестік – 3-ші округте 37 адам.
- Тіркелген үміткерлердің 73-і ер, 31-і әйел адам.

Сондай-ақ тіркелгендердің 17-сі бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, коммерциялық құрылымдардың қызметкерлерінің саны – 65.  7-еуі зейнеткер, 6-уы жұмыссыз, 2-уі қоғамдық ұйымдардың өкілдері, қоғамдық қорлар – 4, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар-3. 

Бірмандаттық округтер бойынша Парламент Мәжілісіне өзін-өзі ұсыну тәртібімен тіркелгендердің қатарында 91 адам бар. «AMANAT» партиясынан 3 кандидат, ҚХП – 2, «Ақ жол» ҚДП – 2, «RESPUBLICA» партиясынан-2, «Ауыл» ХДПП, ЖСДП, «Қазақстанның Орыс қауымдастығы» ҚБ, Қазақстан автомобильшілер Федерациясынан – бір кандидаттан.