Алматылық полицей көркемөнерпаздар байқауының жеңімпазы атанды

Алматылық полицей көркемөнерпаздар байқауының жеңімпазы атанды
Сурет: Polisia.kz

“Міндет. Абырой. Ерлік” республикалық шығармашылық байқауында Алматы қалалық ПД жедел басқару орталығының инспекторы Алмас Күнтаев екінші орынды иеленді.

ҚР ІІМ-де Қазақстан полициясы күні қарсаңында “Міндет. Абырой. Ерлік” республикалық көркемөнерпаздар байқауы ұйымдастырылды. Оған 50-ге жуық шығармашылық топтар мен жеке орындаушылар қатысты, дп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Байқаудың басты тақырыбы Қазақстан халқының бірлігі, Отанға деген сүйіспеншілік, отбасылық дәстүрлер мен құндылықтар болды.

Қазылар алқасы қатысушыларды бірнеше санат бойынша бағалады: әртістік шеберлік, сахнада тұру қабілеті және қойылымның эмоционалдық құрамдас бөлігі. Алмас Күнтаев “Эстрадалық ән айту. Соло” номинациясында ерекшеленді.

«Мен мұндай ауқымдағы шараларға төртінші рет қатысып отырмын. Осыдан бірнеше жыл бұрын Тараз қаласында бірінші орын алған болатынмын. Ішкі істер органдарында 2018 жылдан бері қызмет етіп келемін. Мен бұрын-соңды әншілік, музыкалық білім алған емеспін, өзімнің жақсы дауысым мен қабілетім бар екенін отбасылық ортада ескі әнді айтып жүргенде кездейсоқ байқадым. Шынымды айтсам, бұл мен үшін нағыз жаңалық болды», – дейді Алмас Күнтаев.

Байқаудың басқа лауреаттары сияқты Алмас Күнтаевқа диплом мен естелік сыйлық табыс етілді.