Алматылық депутат байлардың банктерін асыраудан бас тартуды ұсынды

Алматылық депутат байлардың банктерін асыраудан бас тартуды ұсынды
Сурет: Azattyq-ruhy.kz

Ол депутаттық сауалын Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға, Бас прокурор Берік Асыловқа жолдады.

Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек қазақстандық олигархтарға тиесілі банктерді мемлекеттік қолдаудан айыруды ұсынды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«30 жылда неше рет банктерді кұтқардық! Халықтың қазынадағы ақшасына Тимур Құлыбаевтың, Әділбек Жақсыбековтың және басқа да олигархтар мен жоғары шенділердің банктерін құтқаруды қашан доғарамыз? Банктерді емес, халықты аштық пен жұмыссыздықтан қорғау керек. Соның бірден бір жолы – банктерге кепілге қойылған ауыл шаруашылық жерлерді қайтаруымыз керек. Ол банктердің артында кім тұрғанын, кімнің иелігінде отырғанын және қандай жолмен ауыл шаруашылық жерлерді кепілге қойып жібергенін қоғам, халық білуі қажет», - деді Бақытжан Базарбек.

Бас прокуратураның мәліметінше, банктер мен каржы институттарының иелігінде кепілдік ретінде 2 млн гектар 3,9 мың ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер жатыр.

«Оны банктер және қаржы ұйымдары өздері пайдаланбайды. Олар сол жерлерді мемлекеттік меншікке қайтаруға асықпайды. Осы банктерде кепілге қойылған, қамауда жатқан 2 млн гектар жердің ішінде үлестік ауыл шаруашылық мақсатындағы жерлер бар екенін халық біле ме? Заңсыз, жемқор әкімдердің кесірінен пайлары, яғни шартты жер үлестерінен айырылған ауыл халқы табанын тоздырып, ақиқат іздеу жолында пайларын қайтару үшін соттасып әлек болып жүр. Соттар талап арыздың көпшілігін қараусыз қалдырады не болмаса талаптың ескіру мерзімін қолданып, үлескерлердің жерлерін банкке кепілге кою туралы келісім-шарттарын бұзу туралы талап арыздарын  қанағаттандырусыз қалдырады», - деді депутат.

Оның пікірінше, нақты қадам жасайтын уақыт келген.

«Нақты жер реформасын бастап, екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттарының иелігіндегі жерлерге қамқор болуымыз қажет. Бұл да халықтың жері екенін ұмытпауымыз қажет», - деді Бақытжан Базарбек.

Ол Үкімет пен Бас прокуратураға мынадай ұсыныстар айтты:

Біріншіден, 2025 жылға дейін Қазақстанда жер амнистиясын жариялап,  шартты жер үлесінен тұратын және банктерде кепілге қойылған жерлерді үлескерлерге қайтадан қайтаруды көздейтін мемлекеттік жобаны қабылдау керек. Үлескерлерге еркін жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер мен өзге шаруашылық ұйымдардан шығудың заңды мүмкіндігін қарастыру керек.

Екіншіден, коммерциялық банктердің иелігіндегі 2 млн гектар көлеміндегі жерлерді мәжбүрлі түрде Жер кодексінің 92-94 бабына сәйкес мемлекеттік меншікке қайтаруды қамтамасыз етуіміз қажет.

Үшіншіден, қазақстандықтардың шартты жер үлесінен тұратын жер пайдалану құқығын екінші денгейлі банктерде және қаржы ұйымдарында кепілге қоюға мораторий енгізу.