Алматыдан ұйқы қашқан күні «Алматы» сатылып жатыр...

Алматыдан ұйқы қашқан күні «Алматы» сатылып жатыр...
Сурет: Almaty-akshamy.kz коллажы

Алматыдағы жер сілкінісі – Аlmaty-akshamy.kz бетіндегі бүгінгі күннің басты тақырыбы.

Алматы тұрғындары кеше түнгі cағат 00:09 шамасында жер сілкінісін сезді.

Жер сілкінісінің ошағы Алматыдан оңтүстік-шығысқа қарай 264 шақырым жерде Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында орналасқан.

Әбжіл әкім

Ерболат Досаев жедел штабтың шұғыл кеңесін өткізді.

Жедел медициналық жәрдем қызметі және барлық көп бейінді стационарлар, оның ішінде мамандандырылған стационарлар, балалар стационарлары, қаланың босандыру ұйымдары күшейтілген режимде жұмыс істеді.

Алматы қаласында жер сілкінісіне байланысты  8 727 278 20 83 және 8 727 278 20 84 нөмірлері бойынша жедел желі жұмыс істейді.

Алматыға Тоқаев келеді

Ертең Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев  жұмыс сапарымен Алматыға келеді.

Президент мегаполистегі бірқатар нысанды аралайды. Соның ішінде Қаңтар оқиғасынан кейін күрделі жөндеуден өткен әкімдік ғимаратына барып, қаладағы жағдайға байланысты жиын өткізеді.

Алматыда барлығы 843 электр сиренасы бар

Олар 5.5 баллдан басталатын жер сілкінісі кезінде іске қосылады.

Алматы қаласы ТЖД бастығы Нұрлан Атығаевтың айтуынша, 4-тен 5 баллға дейінгі дүмпулер тіркелген кезде сиренаны қосу қажет емес. Ол  дүрбелең тудырады.

Алматыда бір жарым сағат ішінде 384 пункт ашылды

Қабылдау пункттеріне 11 мыңнан астам адам жүгінді. Реттеуші құжаттарға сәйкес әкімшіліктің халықты жинау пункттерінің келу және ашылу уақыты қыс мезгілінде + 1, 5 сағат, жазда +1 сағатты құрайды. Белгіленген уақытқа дейін барлық жинау нүктелері ашылды.

«Күшті және жойқын жер сілкінісі болмайды»

«Бізде жойқын зілзала бола ма? Мен 100% жоқ деп айта аламын. Бізде күшті және жойқын жер сілкінісі болмайды, қатты жер сілкінісі болмайды. Дүмпу азайып барады. Біздің қаланың тұрғындары мен қонақтары қандай да бір дүмпулерді сезінген жағдайлар, жер сілкінісі кезінде әрекет ету ережелерін білу қажет», деді Ұлттық сейсмологиялық бақылаулар мен зерттеулер ғылыми орталығының директоры Дәулет Сәрсенбаев.

Үйлер тоналған жоқ

Қаладағы тәртіпті 2,5 мыңға жуық полиция қызметкері — патрульдік қызметкерлер, учаскелік инспекторлар, ювеналды полиция қызметкерлері, жедел уәкілдер, сондай-ақ тергеу-жедел топтары қамтамасыз етті. Қаламызда ешқандай тонау фактісі тіркелген жоқ.

Ақпаннан бастап атылмайды

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев "буаз киіктерді атып жатыр" деп мәселе көтерген азаматтарға жауап берді.

«Қазақстанда қазір 2,5 млн киік бар. Тек буаз киіктер жайлы айттыңыз. Қыркүйектің желтоқсанның аяғына дейін аңшылыққа рұқсат етеміз. Қараңыздаршы: тамызда қабан төлдейді. Қыркүйекте елік, тауешкі күйлейді. Жалпы аңдардың көбі қарашаның ортасында күйлейді. Әлемде аңшылық жасайтын мерзімде көп аң күйлейтін кезеңде болады. Сол себепті біз биологиялық ғылыми негіздеме аясында жұмыс істеп жатырмыз», – деді Ерлан Нысанбаев үкіметтің баспасөз мәслихатында.

Алаяққа алданбаңыз!

Ол үшін қоңырау шалып, жеңіл жолмен ақша табуды ұсынған белгісіз біреулерге сенбеңіз!

Қарағанды қалалық Полиция басқармасына қарасты Киров полиция бөліміне 59 жастағы азаматша арызбен шағымданды. Жәбірленушінің сөзінше ол алаяқтардың іс-әрекеті туралы хабардар болған. Өз кезегінде алаяқтық жиілеп кеткендігі туралы өзінің әріптестеріне де түсіндірме жұмыстарын жүргізген. Алайда, өзі алаяқтың құрбаны болғанын сезбей қалған.

Алматыда ірі көлемде есірткі тәркіленді

Тінту кезінде 200 килограмнан астам «мефедрон» есірткісінің дайын өнімі және 100 литр шикізаты алынды. Дайын есірткі заттарының салмағына қарап аталған зертхананың елдегі ең ірі зертхана болғанын аңғаруға болады.

Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр.

Не жеп жүрміз?

Тамақ өнімдерінің құрамы талапқа сәйкестігі туралы 83 декларацияның күші жойылды.

Оның ішінде 40 түрі бойынша тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы нормативтердің бұзылуы анықталды. Бұл жерде өнімнің мәлімделген сипаттамалары мен құрамының санитарлық – эпидемиологиялық талаптарға,  сондай-ақ таңбалау талаптарына сәйкес келмеуі (мемлекеттік тілде ақпараттың болмауы, май - қышқыл құрамының сәйкес келмеуі, бактериялардың табылуы) сияқты бұзушылықтар туралы айтылып отыр.

«Алматы» сатыла ма?

Н. Назарбаевтың екінші әйелі Әсел Құрманбаева/Исабаеваға «тиесілі» Алматы театры сатылымға шықты.

«Театр «Халық банкінің» меншігіндегі жерге салынды, Назарбаев театрды салуды Тимур Құлыбаевқа (экс-президенттің күйеу баласы ) тапсырған болуы мүмкін және ол оны өзі басқаратын «Базис-А» көмегімен салды. Бірақ Назарбаевқа театрдың құны 50 миллион доллар тұратынын айтқан, шын мәнінде оның құны 10 миллион доллардан аспауы мүмкін».