Алматыдан Бакуге тікелей авиарейс қатынай бастады

Алматыдан Бакуге тікелей авиарейс қатынай бастады
Сурет: ашық дереккөз

Алматы мен Әзірбайжан астанасы Баку арасында тікелей әуе рейсі ашылды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Мәлім етілгендей, авиарейс ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен және белсенді араласуымен іске қосылып отыр.

«Әзірбайжан әуежолдары» авиакомпаниясының ұшақтары Бакуден Алматыға аптасына екі рет — сейсенбі және жұма күндері ұйымдастырылады.

Сондай-ақ 16 наурыздан «Әзірбайжан әуежолдары» авиакомпаниясы дүйсенбі және бейсенбі күндері Бакуден Астанаға, ал сейсенбі және жұма күндері Астанадан Бакуге сапарын бастап кеткен болатын.

«Алматы - Орталық Азияның ең ірі, ең дамыған және тартымды туристік бағыттарының бірі және Әзірбайжан авиакомпаниясының өкілдері бұл пікірді қолдайды. Біздің министрлік басқа елдермен тікелей әуе рейстерінің санын арттыру бойынша жұмысты жалғастырады», - деп атап өтті Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков.