Алматыдағы «Аватариядан» абай болыңыз!

Алматыдағы «Аватариядан» абай болыңыз!
Сурет: Astanatv.kz

Алматыда алты жасар бала ағаларымен бірге ойын-сауық кешенінде батутта көңіл көтеріп, жасырынбақ ойнап жүріп, шахтаға құлап кеткен.

Әбдірахманның ата-анасы сегіз жыл күткен ұлынан айырылып қала жаздады. Бала «Аватария» ойын-сауық кешенінде шахтаға құлап, жарақат алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Astanatv.kz-ке сілтеме жасап. 

Оның екі аяғының башпайлары сынған. Миы шайқалып, қолтық астындағы бұлшықеттеріне зақым келген. Ол бір ай бойы жүре алмай, мүгедектер арбасында отырды.

Бала бірнеше қабатқа ұшып, медициналық орталықтың шатырына құлапты. Оған алғашқы медициналық көмек сол жерде көрсетілген.

Ойын-сауық орталығының өкілдері барлық шығынды, соның ішінде өтемақы төлеуге дайын екендерін айтқанымен, жәбірленушілер тым көп ақша сұраған көрінеді.

«Әрине, біз ата-аналардан кешірім сұраймыз, бірақ бұл іс әлі жалғасуда. Иә, бұл техникалық бөлме. Яғни, біз аздап қадағаламадық», – деді компания өкілі Елена Ким.

Іс бойынша полиция жұмыс істеп жатыр.