Алматыда ⅠⅠ Халықаралық Фараби форумы басталды

Алматыда ⅠⅠ Халықаралық Фараби форумы басталды
Сурет: Министрлік

Форумда өзекті тақырыптарда пікірталас алаңдары өтеді

Алматыда әл-Фараби орталығының 30 жылдығына арналған ⅠⅠ Халықаралық Фараби форумы өтуде, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасап.

"Тіл философиясы және Әбу-Насыр әл-Фараби философиясының тілі" атты ауқымды шараның мақсаты – ғұлама мұрасы арқылы қазіргі қоғам өркендеуінің рухани, тарихи және философиялық негізін түсіндіру.

Иран Ислам Республикасының Алматыдағы Бас консулы Мухсин Фағани форумда сөйлеген сөзінде:

"Фарабиді толғандырған басты мәселе – дін мен философияның байланысы мен интеграциясы. Ол ислам діні мен грек даналығы арасында қайшылық жоқ екенін, ал егер қайшылық болған жағдайда мәселенің сыртқы көріністерімен байланысты деп есептеді. Өткен жылы Ислам революциясының көшбасшысы және Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың екіжақты кездесуі барысында әл-Фараби еңбектерін зерттейтін бірлескен ғылыми комитет құру туралы мәселе талқыланды. Бүгінде бұл идея жүзеге асуда", – деген пікірімен бөлісті.

Шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының мүшелері, Қазақстандағы шетелдік консулдықтар мен шетелдегі әл-Фараби орталықтарының өкілдері, фарабитанушы ғалымдар мен дипломаттар, Түркия, Нидерланды, Ресей, Өзбекстаннан келген жас ғалымдар қатысуда.

Форум аясында "Әбу Насыр әл-Фараби мұрасы және әлемдегі психологиялық ғылымның дамуы", "Әл-Фарабидің тәрбие тілі: Мәдениетаралық қарым-қатынас және ұлттық болмыс контексіндегі тұлға" және тағы басқа өзекті тақырыптарда пікірталас алаңдары өтеді.