Алматыда тәртіп сақшылары суицидтің алдын алды

Алматыда тәртіп сақшылары суицидтің алдын алды
Сурет: Polisia.kz

Оқиға Алматының Түрксіб ауданында болды.

Ш. есімді азамат көршісіне телефон соғып, итке бірнеше күн қарап беруін өтінген. Әңгіме барысында ол өз-өзіне қол жұмсағысы келетінін айтқан, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

 «Мұны естіген әйел шұғыл түрде “102” нөміріне қоңырау шалды. Үйге патрульдік жасақ, тергеу жедел тобы және ПД басшылығы келді. Үй иесі мас күйде болды. Аспанға бірнеше рет оқ атқан. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Біздің қызметкерлер мас адамды залалсыздандырып, оның атына тіркелген тегіс ұңғылы мылтықты тәркіледі», – деді Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Еркін Амантаев.

Медициналық тексеруден кейін ұсталған адамның алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Бұл дерек сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК-нің 105-бабы 1-бөлігі бойынша тіркелді. Ш.есімді азаматқа ішімдіктен мәжбүрлі түрде емделу тағайындалды. Алдын ала болжам бойынша, өз-өзіне қол жұмсауға әйелінің үйінен кетуі себеп болған.