Алматыда шағын мобильді көлікті пайдаланушылар қатары өсіп келеді

Алматыда шағын мобильді көлікті пайдаланушылар қатары өсіп келеді
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Алматыда биыл 20 шақырым велоинфрақұрылымға арналған жобалар әзірленеді

Биыл Алматы қаласында 20 шақырым көшеге арналған веложол жобаларын әзірлеу жоспарланған. Қазір жоба кеңсесі аясында қала әкімі Алматы кешенді көлік сызбасы бойынша велоинфрақұрылымды орналастыру сызбасын жаңартып жатыр, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Веложолақтың ұзындығы және жобаларды жүзеге асыру шарттары техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалау-сметалық құжаттаманы дайындағаннан кейін және Қазақстан заңнамасы бойынша нақты жобаны сараптаудың оң қорытындысын алған соң нақтыланады.

Айта кетейік, 2023 жылы Алматыда 3 шақырым велоинфрақұрылым ұйымдастырылды: Манас көшесінің бойымен Сәтбаев көшесінің батыс жағынан Шевченко көшесіне дейін, сол арқылы Сәтбаев көшесін қаланың қалған велосипед желісімен және Бұқтырма мен Майлин көшесіне қосылатын Құлжа күре жолы мен Бұқтырма көшесінің қиылысындағы жолайырыққа дейін жалғайды.

Алматыда шағын мобильді көлік (велосипед, электрлі самокат) пайдаланушылардың өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз ету үшін веложолақ желісін ұлғайту Алматы қаласының Бас жоспарында қарастырылған. Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасымен велоинфрақұрылым велосипедпен жүруде сұранысқа ие дәліздермен және орташа жөндеу, қайта құру немесе абаттандыру бағдарламалары аясында жүзеге асырылады. 

Мегаполисте барлығы 92 шақырым вело инфрақұрылым жабдықталған. Веложолақтың ұзындығы 25 шақырым, ал веложол 67 шақырым.