Алматыда «Парасат» орденді мұражай маманы жұмыссыз жүр

Алматыда «Парасат» орденді мұражай маманы жұмыссыз жүр
Сурет: Halyq Uni

Ол музейде 20 жылға жуық еңбек еткен.

Қаңтар оқиғасында Орталық музей жәдігерлерін сақтап қалған маман жарты жылдан бері жұмыссыз жүр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Halyq Uni сайтына сілтеме жасап.

Бибігүл Дандығараеваның айтуынша, ол Алматыдағы Мемлекеттік Орталық музей директорының орынбасары қызметінен кетуге мәжбүр болған.

«Осы музейде қарапайым ғылыми қызметкерден бастап директордың орынбасары болғанға дейінгі аралықта 20 жылға жуық жұмыс істедім. Музейге жаңа басшы келген соң, кемшіліктердің барлығын маған жауып, қызметтестерімнің алдында ешқандай абыройым да қалмады. Шыдамай, шығып кеттім. Қазір 5 айдан бері жұмыссыз отырмын. Мәдениетті адаммын, онымен ұрсысып жатпаймын ғой. Мамандығы геолог болған жаңа басшы Атыраудағы өлкетану музейінен келіп отыр. Бұл – мегаполис, Қазақстандағы ең көне музей», - деп түсіндірді ол.

Оның айтуынша, музейге жаңа басшы келген соң, музейдің бұрынғы қызметкерлері жұмыстан кетуге мәжбүр болған.

«Директор келген соң, баспасөз қызметі де, бас есепші, екі орынбасар да жұмыстан кетті. Қаңтар оқиғасында өзім жүгіріп жалғыз шыққаным рас. Бәріміз қорқып кеттік ол кезде. Қаңтар оқиғасында қорықпай шығып, өмірімді қия жаздадым. Музейге жиырма жыл өмірімді бердім. Музейде сақталып тұрған әрбір құндылық маған өте қымбат. Менің елімнің тарихы - өзімнің тарихым. Қымбат құндылықтарды қолыммен ұстап, көзіммен көргенім үлкен естелік болып қалды», - дейді Бибігүл Дандығараева.

Айтуынша, осы оқиғадан соң күйзеліске түсіп, өз-өзіне келе алмаған. Тіптен жүріп-тұруға қаржысы да қалмағанын айтады.

«Осы оқиғадан соң, екі ай стресс алып, депрессияға түстім. Басымды көтергенім енді, мінекей. Қазір қыздарым қарайды. Есімді жиып, жұмыс іздеп жатырмын. Ешқайда шықпаймын. Жүруге де қаражатым жоқ. Жасым 54-ке келді. Маған ауыр болып тұр. Осыншама жыл жұмыс істеп, еңбек тәжірибемді ескермегені үшін өкпелімін», - дейді тәжірибелі маман.

Қаңтардың 5-і күні Алматыда жағдай шиеленісе бастағанда, белгісіз біреулер музейдің орталық есігін бұзып кірген. Сол кездегі музей қызметкері Бибігүл Дандығараева олармен келіссөз жүргізіп, музей экспонаттарын аман алып қалған болатын.

«Далада өрт болып жатты. Айдаладан оқ атылып, музейдің терезелері сынды. Жан-жағына қарасаңыз, осы маңдағы ғимараттардың бәрі өртенген, қираған, сол қирандылар арасында музей ғана бүлінбеген қалыпта тұр. Бүлікшілер неге тоқтады? Мүмкін мен әйел болғандығым үшін шығар, ер адам шығып сөйлесе, жағдай басқаша болуы мүмкін еді. Ананы құрметтейтін халықпыз, осы жағдай да әсер еткен шығар», - деп еске алды Бибігүл Дандығараева.

Осы жағдайдан соң Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бибігүл Дандығараеваны «Парасат» орденімен марапаттаған болатын.

«Оның ерлігі мен отансүйгіштігі арқасында қаңтардағы тәртіпсіздіктер кезіндегі музейдің құнды экспонаттары сақталып қалды. Бұл – нағыз ерлік», - деген болатын Мемлекет басшысы.