Алматыда пәтер тонаумен айналысқан топ ұсталды

Алматыда пәтер тонаумен айналысқан топ ұсталды
Сурет: Polisia.kz

Пәтер тонаушылар қолға түсті.

Оларды қалалық криминалдық полицияның арнайы тобы мен Алатау аудандық полиция басқармасының қызметкерлері жедел іздестіру іс-шаралары барысында ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

«Соңғы “іс” бойынша Ахременко көшесінің бойындағы пәтерден жәбірленушілердің 75 мың теңге тұратын мүлкі жоғалып кеткен. Ұсталғандар заттай айғақ – қол сағаттардан құтылып үлгермеген, олар тәркіленді және қылмыстық іс материалдарына тігілді. Күдікті – 33 жастағы Т. есімді азамат, Алматы облысының тумасы, бұрын мүліктік қылмыстар жасағаны үшін сотталған, тағы бір сыбайласы – 29 жастағы Б. есімді азамат, ол да ұрлық жасағаны үшін бұрын сотты болған. Сонымен қатар ұрланған заттарды сатып алды деген күдікпен 37 жастағы К. есімді азамат ұсталды. Ұсталғандар уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта олардың Алатау ауданындағы үш пәтер тонауына қатысы бар болуы мүмкін екені анықталды. ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр», – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Дидар Аханов.

Баяндамашының айтуынша, қылмыстық істің басқа да мән-жайлары ҚР ҚПК-нің 201-бабы және ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес жария етуге жатпайды.