Алматыда «Медеу» БСК қонақүй инфрақұрылымын қайта құру жобасы басталды

Алматыда «Медеу» БСК қонақүй инфрақұрылымын қайта құру жобасы басталды
almaty-akshamy.kz

Тәуелсіздік күні мегаполис әкімі Бақытжан Сағынтаев Medeu Park Hotel құрылысының жобасымен танысты. 2022 жылдың соңына қарай «Медеу» қонақ үйінің орнына жаңа қонақ үй салу жоспарлануда, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz

«Медеу» мұз айдынында қонақ үй инфрақұрылымын қалпына келтіру жобасы қазақстандық және шетелдік туристерді тарту үшін іске асырылуда. Құрылыс алаңын аралау барысында Б.  Сағынтаев қонақ үй жобасымен танысты. Үш қабатты екі ғимараттан тұратын кешен 2,1 га аумақта салынады, бірінші қабатта 90 орындық қонақ үй және 300 орындық мейрамхана, екінші қабатта – апарт-отель болады.

Екі блоктың қонақтарына арналған қонақ үйде 25 метрлік бассейн, спа, конференц-залдар, серуендеуге және демалуға арналған ашық демалыс орны болады.

Жаңа қонақ үй кешенін жобалау кезінде барлық қажеттіліктер, соның ішінде қалыптасқан табиғи-сәулеттік ансамбль, қоршаған ортаны қорғау шаралары, демалушылардың қажеттіліктері ескерілді.

Кешен аумағында сондай-ақ бірнеше қоғамдық санитарлық тораптар, шұғыл медициналық көмек көрсету пункті, велопарковкалар, гаджеттерді қуаттауға арналған нүктелер және бейнебақылау жүйесі қарастырылған.

Ұлттық паралимпиада комитетімен ынтымақтасып, инклюзивті ортаны қамтамасыз ету үшін мұнда мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға арналған орындар, сондай-ақ кіреберістер мен лифтілерге кедергісіз қолжеткізу қамтамасыз етілген.

2020 жылы туризм индустриясы коронавирустық пандемиядан зардап шеккендердің бірі болды. Дегенмен, ішкі туристер саны 422 мың адамды құрады.

2021 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, Алматыдағы туристердің жалпы саны 501,4 мыңнан астам адамды құрады, оның ішінде шетелдік туристер – 54,2 мың, ішкі туристер - 447,2 мыңнан астам.