Халық әртісі Болат Аюханов өмірден өтті

Халық әртісі Болат Аюханов өмірден өтті
Сурет: Baq.kz

Болат Аюханов 85 жасына қараған шағында өмірден өтті.

Балет әртісі әрі хореограф, Қазақ КСР Халық әртісі, Алматы қаласының Құрметті азаматы Болат Аюханов қайтыс болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Baq.kz сілтеме жасап.

Мемлекеттік академиялық би театры мәліметінше, Болат Аюханов 85 жасына қараған шағында қайтыс болды. Қоштасу рәсімі Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында өтеді.

Болат Ғазизұлы Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында туған. Ол А.В. Луначарский атындағы Мәскеу театр өнері институтының балетмейстерлік факультетін бітірген. 100-ден аса рецензия, мақала, сұхбаттың авторы. Қазақ, орыс, түрік, литва, ағылшын және украин тілдерін білген.

1957 жылдан Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет әртісі болып жұмыс істеген. 1964 жылдан бастап Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балетмейстер болған. 1965 жылдан "Қазақконцерт" екі актерлі театрының балет солисі. 1967 жылдан бастап "Қазақконцерт" жанындағы Алматы Жастар балеті театрының көркемдік жетекшісі, балет солисі. 1975 жылдан бастап Қазақстан классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, балет солисі. 1976 жылдан - Қазақстан классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, директоры болған. Ал 1991 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі болды. 2003 жылдан бері ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының директоры қызметін атқарды.

"Болеро", "Қазақ сувенирі", "Батырлар", "Қыз Жібек", "Гамлет", "Кармен-сюита", "Шыңғысхан" және басқа қойылымдарға қатысқан. "Біздің жеріміздің байлығы", "Жауым, тоғызыншы ұлдан сақтан", "Түнектің әміршісі", "Айдай сұлу Айсұлу ертегісі туралы" кинофильмдеріне түскен.