Алматыда мас күйде жасалатын қылмыс саны 38 пайызға азайды

Алматыда мас күйде жасалатын қылмыс саны 38 пайызға азайды
Сурет: Polisia.kz

Алматы полициясы қоғамда құқық бұзушылыққа “мүлдем төзбеушілікті” қалыптастыруға ерекше көңіл бөлуде.

Нөлдік төзімділік – ұсақ бұзақылық, тыныштықты бұзу және басқа да ұсақ құқық бұзушылықтарға теріс реакция. Әрбір адам азаматтардың құқығын құрметтеп, қоғамдық тыныштықты бұзбай, өз мәдениетін көрсетуі керек. Бүгінгі күні көшедегі қылмыстың алдын алудың негізгі тұтқасы – әкімшілік құқық бұзушылықтардың дер кезінде жолын кесу, сондай-ақ олардың жасалуына мүлдем төзбеушілік таныту, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz-ке сілтеме жасап. 

Сондай-ақ ұсақ құқық бұзушылықтардың жолын кесуде қаладағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің жай-күйіне бей-жай қарамайтын азаматтық қоғамдастыққа ерекше рөл жүктелгенін айта кеткен жөн. Жергілікті полиция қызметінің хабарлауынша, жыл басынан бері бұрын сотталғандардың жасаған қылмыстары 3 есеге, сондай-ақ мас күйінде жасалған қылмыстар 38%-ға азайған.

Сонымен қатар отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтарды, ұсақ бұзақылықтарды, алкогольдік ішімдіктерді ішу, қоғамдық орындарда темекі шегу және азаматтардың мазасын алу деректерін ашу жақсарды.