Алматы дәрігерлері Отан қорғаушылар күні айлығы аясында ҰОС ардагерлері үшін check-up өткізеді

Алматы дәрігерлері Отан қорғаушылар күні айлығы аясында ҰОС ардагерлері үшін check-up өткізеді
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Бүгін Алматыда Ұлы Жеңістің 79 жылдығына орай 15 мамырға дейін жалғасатын айлық басталды.

Барлық ҰОС ардагерлері және оларға теңестірілгендер үшін чек-ап өткізіліп, денсаулық мәселелерін анықтау үшін барлық зертханалық зерттеумен кешенді тексеру жүргізіледі, қажет болған жағдайда мамандандырылған ауруханаларда емделуге, оңалтуға және атап айтқанда, компьютерлік томография, МРТ, УДЗ, электрокардиография сияқты қымбат тексерулерге жолдама беріледі. Сондай-ақ пациенттермен психологтар мен әлеуметтік қызметкерлер жұмыс істейді.

Сонымен қатар, дәрі-дәрмекті үйге жеткізу жүзеге асырылады.

Жүріп-тұруы қиын науқастарға ыңғайлы болу үшін көпбейінді бригадалардың үй жағдайында медициналық қызмет көрсетуі қарастырылған. Жоғары технологиялық жабдықты пайдалана отырып, тереңдетілген тексеру қажет болса, ардагерлер тиісті медициналық ұйымдарға жеткізіледі.

Науқанды өткізу үшін әр емхана ардагерлерге бару кестесін әзірледі.

Оның үстіне науқан аясында медицина қызметкерлері ардагерлерді құттықтап, оларға жылулық пен қамқорлық көрсету мақсатында азық-түлік себетін табыстайды.

Бүгінде Алматыда 43 ҰОС ардагері мен оларға теңестірілген азамат тұрады.