Ахметжан Шардинов: Президент партияның маңызды міндеттерін атап өтті

Ахметжан Шардинов: Президент партияның маңызды міндеттерін атап өтті
Сурет: Voxpopuli.kz

1 наурызда Nur Otan партиясының кезектен тыс XXII съезі өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Ахметжан Шардинов Nur Otan партиясының жаңғырту бағдарламасын қолдайды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қазақстан Президенті Nur Otan партиясының кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінде Қазақстан Республикасы Мәжілісінің спикері Ерлан Қошановтың саяси ұйымның атауын «Аманат» деп өзгерту туралы ұсынысын қолдады.

«Бүгінгі партия съезін мен өте маңызды деп санаймын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев партияның атын өзгертуден бастап, оның жұмысын толығымен қайта бастаудың негізгі міндеттерін жариялады. «Аманат» – бұл ата-баба келісімін білдіреді. Мағынасы терең өте маңызды сөз. Тарихи тамырымызды, ата-бабаларымыздың бізге өсиет еткенін есте сақтай отырып, дамуымыз керек екендігінің белгісі. Ең алдымен, бейбітшілік пен келісімде өмір сүру, құқықтық мемлекет құру және халықтың мұң-мұқтажын бірінші орынға қою», - деді Ахметжан Шардинов.

Ол партияның жаңғырту бағдарламасы халық сенімін тың бастамалар арқылы қайтаратын нақты қадамдар екеніне сенім білдірді.

«Партия ең алдымен Қазақстан халқына қызмет етуі керек. Ел Президенті оның жұмысын қайта құру бойынша бірқатар маңызды міндеттер қойды. Саяси кеңестің жаңа мүшелері сайланды. Бұлардың ел игілігі үшін көп іс атқаратын, елге сыйлы азаматтар екеніне мен сенімдімін. Партияның жұмысы толығымен қайта қаралады. Мемлекет басшысы бюрократия мен қағазбастылықтан бас тарту керектігін қадап айтты. Облыстық филиалдар мен бастауыш ұйымдар сайлаушылармен өз бетінше жұмыс істей алады және жұмыс істеуі керек. Орталық аппарат директивалық және қолмен басқару тәжірибесін тоқтатуы керек. Оның міндеті – жалпыпартиялық векторды белгілеу, әдістемелік және идеологиялық қамтамасыз ету, кадрларды дайындау, жүйелі проблемаларды талдау. Менің ойымша, мұндай қайта құрулар өте дер кезінде жасалған және елге өте қажет. Мен Президентіміздің барлық шешімдерін толық қолдаймын», - деп қосты Ахметжан Шардинов.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың билік партиясының кезектен тыс съезінде сөйлеген сөзінің қазақ тіліндегі мәтінін мына жерден оқуға болады.