Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде сөйлеген сөзі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде сөйлеген сөзі
Сурет: Akorda.kz

Құрметті партияластар!

Ең алдымен, баршаңызды бүгінгі Алғыс айту күнімен құттықтаймын!

Бұл – өзара тілектестікті, жанашырлықты, қамқорлықты дәріптейтін мейрам. Біз осындай ынтымақтың арқасында қаңтардағы қиын-қыстау күндерде мемлекеттігіміз бен тұтастығымызды қорғап қалдық. Сын сағатта бірлігін сақтай білген барша отандастарымызға зор ризашылық білдіремін. Ұйымды жаңғырту туралы алқалы жиынның дәл бүгін өтуінің символдық мәні бар.

Бірінші наурыз – партияның құрылған күні. 23 жыл бұрын еліміздегі ең басты саяси ұйымның негізі қаланды. Партия халықты ортақ мақсатқа жұмылдырды. Қоғамға пайдалы көптеген бастамалар көтеріп, сайлаушылардың қолдауына ие болды. 

Қазір бүкіл әлемдегі ахуал өзгеріп жатыр. Жаңа құндылықтармен қатар күрделі сын-қатерлер пайда болуда. Осындай аумалы-төкпелі уақытта еліміз дамудың келесі кезеңіне қадам басты. Біз «Жаңа Қазақстанды» құруға кірістік. Бұл – өте ауқымды міндет. Тіпті, болашақтағы тағдырымызды шешетін аса маңызды жұмыс деуге болады. Оны ойдағыдай жүзеге асыру үшін жаңа мақсат-міндеттерімізді айқындап алуымыз қажет.

Партия барлық реформаға ұйытқы болуға тиіс. Ол үшін өзгерісті алдымен өзімізден бастауымыз керек. Сондықтан бүгінгі күн тәртібіндегі негізгі мәселе – партияны жаңғырту.   

Заман, қоғам, адам өзгеріп жатқанда, партияның өзгеруі – заңдылық. Бұл – уақыт талабы. Осыған орай жаңа ғана айтылғандай, саяси ұйымның атауын Аманат деп өзгерту ұсынылды. Жасыратын ештеңе жоқ, мен де бұл мәселеге байланысты пікірталасқа қатыстым. Бірнеше ұсыныс болды, соның ішінен Аманат деген атауға тоқтадық.  Бұл – еліміз үшін де, ұлтымыз үшін де  айрықша мәні бар киелі ұғым. 

Егемендігіміз, елдігіміз бен бірлігіміз, кең байтақ жеріміз – бізге бабалардан жеткен аманат. Осы қастерлі құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтап, болашаққа мирас етуіміз керек. Мемлекеттілік дәстүр жалғастығы, ұрпақ сабақтастығы дегеніміз – міне осы. Халқымыз ешқашан аманатқа қиянат жасамаған. Партия бұл қағидатты берік ұстанады. 

Сондықтан мен партиямызды ресми түрде Аманат деп атауды толық қолдаймын.

Мен 16 наурызда саяси реформалардың жаңа бағдарламасын ұсынамын. Қазір партиялар арасында бәсеке күшейе түсуде. Осы орайда біз партиямыздың басты саяси күш ретіндегі рөлін сақтауымыз қажет. Бұл – өте маңызды міндет. Басқаша айтқанда, ұйым әрдайым ел мүддесін қорғайтын нағыз халықтық партия болып қалуы керек. 

Дамудың жаңа кезеңінде партияға жаңа тұғырнама қажет. Бірақ, негізгі құндылықтарымыз өзгермеуге тиіс. Орталық аппаратқа жұмыс тобын құрып, партияның жаңа тұғырнамасын әзірлеуді тапсырамын. Оны партия ішінде мұқият талқылап,  келесі съезде бекітеміз.

Осы орайда, партия өз жұмысын жандандырып, ұйымның рөлін күшейте түскені жөн. 

Жылдар бойы үнсіз болған, саясатпен айналысып жүрген кейбір адамдар қазіргі «жылымықты» пайдаланып, әлеуметтік желіге жаппай шыға бастады. Олар ақпараттық кеңістікті жайлап алды деуге болады. Неше түрлі қауесеттер, жалған ақпарат тарап жатыр. Мұндай ахуал елді адастыруы мүмкін. Ашығын айтсақ, біздің жоспарларымызды, қолға алып жатқан іс-шараларымызды көпшілік біле бермейді. Партия белсенділері заманауи ақпарат құралдарын пайдаланып, саясатымызды жұртқа жан-жақты түсіндіруі қажет.

Мен үшін ең басты құндылық – Қазақстанның Тәуелсіздігі. Мемлекет басшысы ретінде еліміздің қауіпсіздігі мен халқымыздың амандығын қамтамасыз ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймын. Жауапкершілік жүгі қаншама ауыр болса да, одан еш қаймықпаймын.

                                                            Құрметті партия мүшелері!

Бүгін партиямыздың бағыт-бағдарын айқындадық. Енді білек сыбана жұмыс істеуіміз керек. Халық нақты өзгерістерді күтіп отыр.

Партия атына заты сай болуға тиіс. Ел бірлігін нығайтып, Жаңа Қазақстанды құру – бәрімізге ортақ міндет. Осы міндетті абыроймен атқарсақ, болашағымыз да баянды болмақ. Партияның әрбір мүшесі бұл жауапкершілікті терең сезініп, аянбай еңбек етеді деп сенемін.

«Береке басы – бірлік» екенін әрдайым есте сақтайық! Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Партиямыздың жаңа атауы құтты болсын!