Ахаң ғаламдық деңгейдегі ғалым

Ахаң ғаламдық деңгейдегі ғалым
Суреттер: Оpennews.kz

Биыл Қазақ мемлекетінің негізін салушы бір бойына сан қырды жинаған Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл.

Осыған орай алаштану ілімін зерттеуші М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылми қызметкері Әділет АХМЕТҰЛЫ сұхбаттасқан болатынбыз.

– Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы қарсаңында ел біле бермейтін қырлары ашылады деп ойлайсыз ба?

– Бұл енді салмағы ауыр сұрақ. Біздің елдегі ғылымға деген ауыр қиянаттың бастауы сол, кімнің де болсын мерей жылында ғана қозғалу. Ұлт ұстазының 150 жылдық мерейтойы Юнеско деңгейінде ұлылы-кішілі іс-шаралар арқылы аталып өтілуде. Ол әрине, ел болып қуанарлық іс. Бірақ, біздің елде кез келген ғалымның немесе ұлттық иә мемлекеттік тұрғыда аса маңызы бар оқиғалардың тек мерей жылында немесе әлдебір дөңгелек санға тура келетін (жүз жыл, жүз елу жыл, жеті жүз елу жыл, т.б.) жылында ғана дүркіреп, басы жұдырықтай, аяғы қылдырықтай болып кететіні есті кісіні ойландыратын нәрсе. Сол тұрғыдан қарасақ, ғалымның жүз елу жылдық мерей жылы үлкенді-кішілі деңгейде өтіп жатқанына, бұл да тәуелсіздіктің арқасы ғой деп шүкір айтқанымызбен, науқаншылдықпен дүр етіп өте шығатын көп мерейтойдың бірі секілді бұл жыл да өте шығады ау деген алаңдаушылығымыз да жоқ емес.  

«Ахмет Байтұрсынұлының ел біле бермейтін қырлары» дегенде, әуелі, сол кісінің ел білетін қыры қанша еді деген сұрау кес-кестеп отыр. Жасырмай-ақ қояйық, біздің ел хакім Абайды ептеп таниды. Ол кісінің өлеңдерін балаларға жаттатып болса да, әрбір қазақ Абай десе бір өлеңі қорғасындай ауыр, қайғысы да мол, «қалың елім қазағым» деп өткен иманжүзді кісіні көз алдына елестете алады. Бірақ, Ахметті, Әлиханды, Міржақыпты немесе Алаш орда төңірегіндегі әлдебір тұлғаны айтып көріңіз, бұлыңғыр сұлбасын елестеткенімен, нақты бағасын кесіп айта алатын қазақ баласы санаулы ғана. Оның себебі, Ахмет, Әлихан, Міржақып, Шәкәрімдердің және өткен ғасыр басындағы көшбасшылардың тарихи бағасы тұтас ұлттық деңгейде толық берілмегендіктен болып отыр.

Әрине, жоққа шығара беруге жол жоқ. Алаштанушы, ахметтанушы ғалымдардың еселі еңбектерінің арқасында тәуелсіздік қарсаңында да,  бүгінге дейін де аталған ғалымдардың, жүйеден Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының   көптеген мұралары табылып, том-том болып жұртпен қауышты. Соның арқасында кемінде гуманитарлық ғылымдар саласы аталған тұлғаларды біршама тани бастады. Бірақ, бұл мемлекет құрған халыққа аздық етеді. Әлемде дамыған елдерге қарасаңыз, бәрі де тарихта өткен данышпандарын рух төріне шығарып отыр. Мысалы, Еуропа елдерінің кез келген бірінің көшесінен кезіккен адамнан Шекспирді, Гетені кім деп сұраңыз. Кібіртіктемей сарнай жөнеледі. Кез келген Орыстан Ломоносовты, Чеховты, Толстойды; кез келген  қытайдан Сун Ятсенді, Лу Синьді сұраңыз, күмілжімейді. Аталған тұлғаларының барлық қырын шашып тастамаса да, тұлғалық бейнесін шамалап болса да айтып, жауапсыз қайтармайды. Шын мәнінде, біз сөз етіп отырған А.Байтұрсынұлы аталған ғалымдардың ешбірінен  кем емес еді. Бірақ, біз өзге елдің данышпандарын танимыз да, өз көшбасшыларымыз жөнінде білеріміз шамалы.

Сұрағыңызға оралсақ, егер А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойында ғұламаның жұртқа белгісіз қырларын ашамыз десек, бұл ауқымды іс кемінде осыдан бес жыл бұрын басталуы керек еді. Сонда, әр салада жүрген алаштану төңірегіндегі ізденімпаз кісілер ғалымның біраз тың дүниесін тауып үлгірер ме еді деймін. Оған мысалды алыстан іздемей-ақ қояйын, Алматы қаласының мыңжылдығын өткіздік, бүкіл әлем мойындады ма, ойбай, мына қазақтың мың жыл болған қаласы бар екен деп? Қазақ хандығының 550 жылдығын өткіздік, әлем елдері оқулықтарын қайта жаза бастады ма, 550 жылдың алдында Қазақ деген ел болыпты ғой, картаны қайта сызайық деп? Алтын Орданың 750 жылдығын өткіздік. Не өзгерді? Көшеден кездескен кез келген қазаққа айтыңызшы, Алтын Орданың 750 жылдығын тойлағанда қаншалықты қуандыңыз деп?  Мұны айтып отырғанымыз, мұндай мерей жылдарда ұлтымыздың мерейі өссін, мейманасы тасысын деген ел, біріншіден, тым ерте қамданады. Екіншіден, оны ойын-тоймен дүрілдете салмайды. Ғылымның күшін іске қосып, аталған тұлғаның бұған дейін табылған мұрасын зерттеп, зерделеп, тарихи бағасын тұрақтандырып, табылмаған мұрасын іздеумен болады.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына орай, үлкенді-кішілі бірнеше іс-шаралардың басы-қасында болдық. Конференциялар, дөңгелек үстелдер, студенттермен, оқушылармен кездесулер өтті. Бәрінің де қатысушы топқа берер әсері, салар ойы өзгеше. Ахаң теңдессіз ғалым ғой. Теңдессіз ғалымның мұраларын таныған адам шындықтың шуағын сезініп, шыңға шыққандай болады.  Осы үрдіс тек белгілі орындардың есеп беру қимылы тұрғысында ғана емес, жалпы ұлттық деңгейде, ханның ордасынан қараша ауылға дейін, осы жылы ғана емес, тұрақты өтіп тұрса, ұрпақтар санасына Ахмет бейнесі орнай берсе ғана ұлт ұстазы алдындағы ұлтымыздың борышы ада етілген болар еді. «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясының ел іші-сыртындағы қазақ қауымына берген әсері өзгеше болды. Дәл сол сияқты, әр жастағы, әр деңгейдегі адамдарға арналған ахметтану, алаштану істері түрлі тәсілдермен күллі қазақтың көкірегіне ұяласа, сонда ғана А. Байтұрсынұлының белгілі және белгісіз қырлары ашылған болар еді. Бізге қазір Ахметтің белгілі қыры дегеніміз де тек осы салада еңбектеніп жүрген ғалымдар мен ізденіс жолындағы филологтардың танымына ғана орнады. Ахмет Байтұрсынұлының жарық дүниеде ұлтына шамшырақ болам деп жүріп, ашқан жаңалығын, жазған кітаптарын, тартқан азабын, ұлы махаббатын, мұқалмас рухын еске алып көзінен көл төгіліп отыратын тек ғұламаның мұраларын парақтап жүрген санаулы ғана кісілер бар. Ұлт болып Ахметтей ғалымды туғанына мақтанатын, жұрт болып Ахмет бастаған жүз мыңдаған адамның атылып, айдалғанын ойлап кектенетін деңгейге жетпейінше Ахметті және алашты таныдық деу ерте.

Биыл жыл соңына дейін елімізде А.Байтұрсынұлының көптомдықтары бірнеше үлгіде жарық көрмекші. Солардың бірі, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты ұжымы құрастырып жатқан ғалымның академиялық толық жинағы. Өзім де сол абыройлы жұмыстың бір қызметшісімін. Қазірше, академиялық жинақ арқылы ғалымның мынандай қырын ашамыз деп ұрандатпаймыз. Алайда, ғалымның ешкімге белгісіз қырын ашатындай болмаса да, бұған дейін жұртқа белгісіз болып келген бірнеше мақаласы, бірнеше мұрағаттық құжаттары табылып жатыр.  Ұлт ұстазының академиялық жинағы сондай жаңа мазмұндармен толығып, туған халқымен жүзедеседі деп отырмыз. Биыл мамыр айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен ғалымның үштомдық таңдамалы жинағы шықты. Аталған жинақта тұңғыш рет түпнұсқа негізді басыылымдар көшірмесімен берілді және ғалымның тілтанымдық және әдістемелік құралдары барынша түпнұсқаға (ХХ ғасыр басындағы жазу емлесіне) жақындатылып берілді. Осындай ауыз толар жаңалықтар да жоқ емес.

 Ұлтымыздың ұстазы деген ұлы мәртебеге ие болған ғалымның белгілі қырының өзі көп қазаққа белгісіз болғандықтан, белгісіз қыры туралы сұраққа алыстан орағытып келіп жауап берген жайымыз осы.

– Ұлт ұстазы қазақты неден жиренуге, неден үйренуге үндеді?

– Қазақты Абайдан артық сынаған ақын жоқ деп жүрміз ғой. Негізі Ахмет, Әлихан, Міржақып бастаған Алаш зиялылары кезі келгенде қазақты Абайдан өткізе сындады.  Шын мәнінде Абай да, Алаш орда да қазағын өзінің жалғызындай жақсы көргендіктен сындады. Ахмет Байтұрсынұлы көшбасшы болған топ жұртты сындаумен бірге тығырықтан шығатын  жолды көрсетіп берді. Қазақтың алғашқы абайтанушысы – Ахмет Байтұрсынұлы «Қазақтың бас ақыны» деп 1913 жылы кесек мақала жазып, Абайдың тарихи бағасын беріп үлгіріп еді. Ахмет Байтұрсынұлының мұраларын түпнұсқадан оқып, шамаша зердерлеп жүрген азамат ретінде, реті келген жерде мына бір сөзді айтып жүрмін, «Абай айтқан кемел адам дейтін өлшемге бір адамды лайық деп көрсетші десеңіз, мен А.Байтұрсынұлын көрсетер едім» деп. Ахмет, Әлихан, Міржақып, Шәкәрім, т.б. өткен ғасыр басындағы қазақ аспанында самсаған жұлдыздай жарқыраған тұғыры биік тұлғалардың бәрінің де  илегені, бір сөзбен айтқанда, Абай илеген терінің пұшпағы еді. Яғни, Абай, Ыбырай, Шоқан бастаған қараңғылыққа қарсы күресті олардан ширек ғасыр кейін ілгерілетіп, ғазиз жандары құрбан болған 1938 жылға дейін жалғастырды. Қаймана қазақты өнер-білім, ғылым жолына салып, өзгеріске толы құбылмалы саяси тарихи кезеңде  екі тізгін, бір шылбыры қолында тәуелсіз ел құруды ұлы мұрат етті.  Абай Кириловтан аударса, Ахметтің де Кирилов мысалдарын аудару арқылы «Қырық мысалдатуы» кездейсоқтық емес.

Надандықтан жиреніп, озған елден үйренуді баса айтты, жиі жазды. 1909 жылдан бастап «Маса», «Қырық мысал» жинақтарын баспадан шығарып, өзін бейбіт сезініп, бейғам жатқан елін оятты. 1912 жылы мұсылман түріктер мың жыл бойы қолданған араб жазуы негізіндегі қадім жазуына теңдессіз реформа жасап, төте жазуды барлыққа келтірді. 1913-1918 жылдар арасында «Қазақ» газетін шығарып, аталған газет ұлт рухын асқақтатып, жұртты оятқан, білімге шақырған жолбасшы болғаны белгілі.

Сол төте жазуымен  1912 жылы алғаш рет «Оқу құралын» (Қазақша әліппе) жазып, атаған құралмен бала оқытты. Ғалымның осы оқу құралы 1912-1925 жылдары арасында 13 рет басылса, қазақ тілін үйретуге арналған «Тіл-құрал» атты оқулығы 34 қайтара басылды. Онан сырт, үлкендерге арнап жазған «Сауат ашқыш», «Оқу құралы (үлкендерге)» атты оқулықтарының өзі шағын энциклопедия деуге тұрарлық мұралар. 1926-1928 жылдары бұрынғы «Оқу құралы» (қазақша әліппе) атты он үш жыл бойы он мыңдап, тіпті жүз мыңдап басылған оқулығын тоқтатып, сол тұстағы заманауи білім беруді көздеп жазған, «Әліпби. Жаңа құрал» атты оқулығы  күллі қазақ мектептерінің ең маңызды кітабына айналды. Оқытушылардың қолданба құралы ретінде «Тіл жұмсар» (І, ІІ), «Баяншы» атты оқулықтар жазды. Ал енді, ХХ ғасыр басында әлемдегі адамзат баласында ең кемелді деп танылға екі-ақ әдебиет теориясы атты еңбек бар болса,  Ахаңның «Әдебиет танытқышы» (1926) соның үшіншісі еді дейді ғалымдар. Ғалымның бұлардан сырт, фольклорлық мұралар жинақтап, «23 жоқтау», «Ер-Сайын» қатарлы кітаптарды баспадан шығаруы да өлшеусіз еңбектің жемісі еді.

Енді осыларға өмірінің көбірек уақыты  түрмеде, айдауда, саяси қуғындарда жүрген ғалымның тұтам уақыт шықса тұтас тарихты тірілтетін ғажап болмысын қосыңыз. Саяси үндеулері, ашық хаттары, қайраткерлік, күрескерлігі өз алдына бір төбе әңгіме.  Басқасын қоя тұрып, тек қана төте жазуын жетілдіру барысындағы жиырма жылдық жанкешті еңбегін айталықшы. Бүгінгі таңда бір институт тіпті академия ұжымы басын қосып отырып, отыз жылда істей алмаған жұмысты, көп уақыты түрмеде өткен жалғыз кісінің тындырып кеткенін бүгінгі біз қаншалық бағалай алдық?

Ұлтсыздық қаупін ерте сезіп, ұлттық мемлекет құруды – Алаш автономиясының іргетасы қаланса, ары қарай тұтас түріктің басын біріктіруді көздеді. Қазақтың тілінің тазалығын өзі жаратқан ғажап жазуы және жыл сайын жетілдірген емлесі арқылы сақтады. Қазақ тілін таза сақтаса, күндерде бір күн түрік дүниесі тұтасса, қазақ тілі басты қатынас тілі болатынын батыл айтты. Ұлттың төл жазуын жасап, қазақ тіліне ғана тән 24 дыбысты тұрақтандырып, төл дыбыстан өзге шеттен енген дыбыстарды (арабтың ф, х, һ дыбыстарын) қолданыстан шығарды. Осы арқылы мың жыл бойы мұсылман түріктерне ортақ ескі әдеби тілде сақталған араб, парсы сөздерінен туындаған тіл шыбарлығын жойды. Орыс пен Еуропа тілдерінен кіргелі тұрған терминдерге қазақ тілінен, болмаса туыстас түрік тілінен балама іздеді. Онда да табылмаса, тек қазақта бар 24 төл дыбыс арқылы шеттен енуі мүмкін болған терминдер қазақша «шапан киіп шыға келді». Қазақ тілін ғылым тіліне айналдырды. «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатынын» айтып дабыл қақты.

– Ахаң өзі сынды қандай шетелдік әріптестерімен байланыста болған?

– Бір сөзбен айтқанда, Ахмет Байтұрсынұлы сол тұста қолы жеткен еуропалық және ресейлік ғалымдардың еңбектерінің денін оқып бітірген деуге толық негіз бар. Алдымен, сол тұста өзімен дәуірлес, үзеңгілес болған өзге ұлттардың көшбасшыларын атай кетелік. Ахмет татардың, башқұрттың және орыстың педагог, ғалымдарымен, лингвистерімен жақын байланыста болғаны байқалады. Қазан қаласында сол тұста дәурендеп тұрған «Қазан университеті баспасы», «Кәримовтар» баспасымен етене байланыста болғаны белгілі. «Юлдыз» (жұлдыз), «Уақыт» газеттерінде мақалалары жиі жарияланумен қатар, татар, башқұрт, ноғай туыстардың зиялы қаламгерлері Байтұрсынов әпенді деп, Ахаңды өздері де жиі таныстырып отырған. Ахметтің төте жазуы шынын айтқанда ғасыр басында тұтас түрік жұрты жөнінен алғанда ұлы құбылыс деңгейіндегі жаңалық болды. Уфадағы «Ғалия» медресесіндегі қазақ жастарымен қатар, татар, башқұрттардың озық ойлы азаматтары аталған әліпби туралы пікірлерін білдіргені соны білдірсе керек. Ахаңа дейін де, мейлі миссионерлік бағытта, мейлі ұлттық бағытта болсын, бірнеше әліпби ұсынылғанын, азды-көпті қолданыста болғанын біреу білсе, біреу білмейді. Сондай әліпбилердің бәрін Ахметтің төте жазуы тарих сахнасынан түсірді. Қазақтың  ұлттық жазуына айналған төте жазу барлыққа келе салысымен «Қазақ» газеті ұлттың үн байрағына айналды. Осы «Қазақ» газетінің ішіндегі әлем жаңалықтары, Еуропа және Азия елдеріндегі ішкі-сыртқы соғыстар, т.б. келелі мәселелерді сараптап жазған танымдық дүниелерге қарап отырып, Ахаң бастаған интелегенттердің құрығы ұзынырақ болғанын, ғаламның жылт еткен жаңалықтарын орыс басылымдары арқылы қалт жібермей отырғанын көре аламыз. Яғни, А.Байтұрсынұлының сол тұста өзге ұлт білгірлері мен шетелдік алғабасар топпен жиі байланыста болғаны мұнда тұр. Г.Н.Потанинмен қаламдас дос болғаны, «Г.Н.Потанинге арнау» атты өлеңінен көрініп тұрса, Затаевичке қазақтың бес жүз халық әнін жинап бергені де бір төбе әңгіме. Башқұрттың атақты этнограф ғалымы Әбубәкір Диваевпен дос-жарлығының арқасында қазақтың мыңдаған фольклорлық мұрасын сол кездің өзінде жинап, алдын баспадан шығарып үлгірді. «Әбубәкір ақсақал Диваев» деп Мағжан алғы сөзін жазған кітап та бар. Сол Әбекең марқұмның қазақ арасынан өз қолымен жинаған 250 ертегісінің қолжазбасы Орталық ғылыми кітапхананың Сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында тұр. Затаевичтің тебінгідей үлкен еңбегінің қолжазбасы да аталған қорда тұр. Ұлт ұстазы орыстың да бірталай білімпаздарымен мұраттас, рухтас болған. Оларды тізіп отырмадық.

Бізді таң қалдырғаны, ғалымның өзінен бұрын, тіпті мың жыл бұрын жалғаннан өткен гректің, немстің, өзге де жаңалық ашқан ғалымдардың, филосовтардың еңбегімен етене таныстығы және оны өзінің жазбаларында пайдаланып, сілтеме жасап отырғаны. Тіпті, А.Байтұрсынұлы бүгінгі жұртқа беймәлім кейбір тұлғалардың да еңбектерінің шаңын қағып алғаны байқалады. Сөзіміз дәлелді болуы үшін, ғалымның екі мақаласына тоқтала кетелік. Ахметтің «Қай әдіс жақсы» атты мақаласында, қазақтың емлесін әлемдегі қай ұлттың емле әдісі арқылы жазсақ дұрыс деген толғақты түйінді ортаға қояды. Шағын ғана мақалада автор сол кезде ұлттқ жазуы әлдеқашан қалыптасқан, орыс, қытай, француз, италиян, ағылшын, т.б. жазуларын бес саусағындай білетінін байқатады.  Аталған мақаладан үзінді берсек қалай?

«... Жазу  үшін  әріп  алмай,  таңба  алған  жұрттың  бірі,  мәселен,  қытай. Мұның  жазуы  біздің  таңбамыз  түрлі.  Бізде  οο  (арғын),  // (қыпшақ),  Ψ (төре). Қытайда = (ауыз) מ (ит). Ауыз таңбасы мен ит таңбасы қатар тұрса, мәселен,  былай  =  מ  «үреді»  деген  сөз  болады.  Біздің  жазуымыз  әріпше болмай  таңбаша  болса,  біз  де  арғын  таңбасы  мен  төре  таңбасын  қатар қойып  /ооΨ/  «арғын  төресі»  деп  оқыр  едік;  қыпшақ  таңбасы  мен  төре таңбасын қатар қойып / //Ψ / «қыпшақ төресі» деп оқыр едік. Қытай  жазу  жүйесінің  мысалы  осы.  Бұл  жазуша  сауаттағанда, мұғалімнің  дыбыспен  де,  әріппен  де  жұмысы  жоқ.  Әр  сөзге  арналған таңбаны  танытса,  сол  таңбаларды  қойдыра  білсе,  қытайша  оқуды  да, жазуды [да] біліп сауаттанғаны.

«Ауыз» деген, «ит» деген, «үреді» деген – үшеуінің жазуын оп-оңай үйреніп  алдық.  Қытайша  хат  білу  (сауаттану)  қиын  дейтіні  қайда?  Қиын жазу  ұшыраған  кезде,  «қытай  жазуы»  деп  мазақтайтындары  қайда? Жоғарыда  мысалға  келтірген  2-3  сөздің  таңбасын  тану  да,  таңбасын  қою да оп-оңай емес пе? Қиындығы қайда? Мұның  оңай  болып  тұрғаны  –  алған  сөздің  аздығынан.  Қытай тіліндегі  сөздің  саны  10,  20,  30  болса,  хатта  100  болса  да,  қытайша сауаттану оңай болар еді. Ондай болса, сөз саны 10 мың, 20 мың, 30 мың болса, ондай көп сөздің әрқайсысына арналған таңбасын тануға көп уақыт керек. Ондай көп таңбаны ұмытпай баста сақтау үшін, басты көп әурелеу керек. Қытай тілінде 50 мың таңбасын жатқа білгенде ғана қытайша кәміл сауатты  адам  болмақ. ...

Жазу үшін әріп алғанмен, ол әріптері тіліндегі дыбыстарына сәйкес келмейтін  ағылшын,  американ  сияқты  жұрттар.  Бұлардың  сөздерінің жазылуы  мен  айтылуы  айрылып,  алыс  кеткендігі  сонша,  «ит  деп  жазып, шошқа деп оқиды» деген мақал болған жазу жүйесі нақ осылардікі.  Олардікінен  гөрі  тәуірлеу  жазу  жүйесі  француздікі.  Бірақ  тәуірлеу дегенмен,  мұның  да  оңған  жері  жоқ.  Мұның  әуелінде  дыбыстарына  әріп арнауында шатақтық көп. Французда әріп басына жасалған толып жатқан ереже  бар;  толып  жатқан  қосымша  белгілер  бар.  26  әріптің  100  шамалы ережесі  бар. ...

Біз бұл мысалды келтіріп отырған мақсатымыз түсінікті болар. А.Байтұрсынұлы «Балапан басына, тұрымтай тұсына тартқан» аса күрделі ғасырда өмір сүре жүріп, әлемнің ғылымдағы сан салалы жетістіктерін көре білгені, тіпті, қазаққа төте жазуды мұрағаттап кету үшін өзге ұлттардың жазуын және емлесін ыждағатпен зерттегені таң қалдырмай қоймайды. Бұл да болса Ахаңның әлемнің классик әдебиеті мен тілші ғалымдарының еңбегін бір кісідей-ақ сіңіріп үлгірген данышпан екенін көрсетсе керек.

Екінші бір көлемді мақаласында ғалым, шетелдік жиырма ғалымның еңбегінен дәлелдер келтіре отырып, ойын сабақтайды. Айталық, Гипократ, Геродот, Фукидид, Бекон, Монтесктие, Гердер, Риттир, Ратсел, Мешников, Мальтус Томас Роберт, Дмитрий Иванович Менделеев,т.б. білімпаздардың еңбектерін сөйлете отырып, қаузаған тақырыбын арши түседі.  Міне, осыларға қарап отырып, ғалым қалт еткен уақытында адамзаттың алға басуына жол ашқан небір данышпандармен рухани тұрғыда дос болғанын байқауға болады.  

– Алаш алыптарының өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттау үшін қайтпек керек?

– «Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны алады», ­­- дейді қазақ. Қазақ тарихы тәуелсіз елдің тұрғысынан қайта жаызылуы керек. Қазақтың тарихи тұлғалары жоғары деңгейде насихатталуы керек. шын сөз бен жел сөздің арасы жер мен көктей. Бізде қазір жел сөз салтанат құрған заман. А.БАйтұрсынұлы бастаған ұлт көшбасшыларын нәсихаттағанның жөні осы деп, көбік сөзді көпірте беруді қою керек. Бүгінгі таңда Қытайға қарап кеткен қазақтың жерінде туып-өстік. Олардың бірауыздылығы мен еңбекқорлығы таң қалдырмай қоймайды. Әсіресе, тарихта тек өздері ғаламат халық болғанын дәріптейтін еңбектер аяқ  алып жүргісіз.  Кинофильмдер, мультфилімдер және оқулықтар, оқытыу бағдарламары тұнып тұрған қытайлық рух. Бала көзін ашып көргені қытайдың бес мың жылдық тарихынан тартып, кешегі дүниежүзілік екінші соғыстағы қайсар қаһармандар. Қытай ғана емес, өзге ұлтық мемлекеттер де  солай. Менің ойымша, мектеп бағдарламасынан бастап, теле-арна, радио, әлеуметтік желілерге дейін, барлық мүмкіндікті іске қосып ұлтымыздың көшін бастаған тарихи тұлғаларды санаға сіңіру керек. Ахметтің аударған «Қырық мысалдан», «Маса» жинағындағы өлеңдердің сьюжеттерінен талайлаған  мултьфилмдер жасап, балаға Ахмет ата бейнесін сіңіруге әбден болады. Ахмет сан қырлы ғалым. Мемлекет арнайы ұлтсүйгіштік бағыттағы істерді қолдауы керек. Ол ғаламдық мәдениеттен бас тартып, тек қана ұлтымызды дәріптей бер дегендік емес. Біз қаласақ та, қаламасақ та «Жаһандану» тасқыны өз дегеніне көндіріп келеді. Дегенмен, қытай, орыс, жапон, араб, түрік, т.б. елдер жаһандасқанның жөні осы деп сол тасқынға ағып ере жөнелген жоқ.  Әлемдік деңгейдегі озық өркениеттен сабақ алып, дәуір көшінен қалмай да, ұлттың ұлы тұлғаларын ұрпаққа таныстыруға болады. Өзгені зор, өзін қор санайтын психикадан арылып, өз-өзімізді сыйлауымыз керек, жат жанынан түңілсін!

Бізде, Алаш орда мұраларын зерттеу, ұстанымдарын, ұлтты құтқару, қорғау, дамыту бағдарламаларын зерделеу біршама жақсы қарқын алып келеді. Дегенмен, бұл тек сала мамандары арасында ғана қалып жатыр. Ең бастысы, жас ұрпақтың санасына осыны ұялатуға жұмыс жасауымыз керек. Ал, А.Байтұрсынұлы бастаған ғалымдадың өзге қырларын зерттеу біздің заманнан кейін де жалғаса беретін жұмыс. Ахмет, Әлихан, Міржақып, Шәкәрімдерді Шекспир, Гете, Пушкин, Ломоносов, Толстой, Сун Ятсен деңгейінде танымайынша олардың алдындағы парызымыз мойынымыздан түспейді.

– Пәсапалық сауал. Болашақ кімнің қолында?

– Болашақ үш тұғырын толық ұстаған Қазақстан жастарының қолында. Ұлттық рухы өр, Жаратқанға жаққан, ғылым сырын ашқан жұрт қана алға озады. Оған Жаратушы да, әруақ та разы болады. Үш тұғырдың бірі кем болса бәрі бір бекер. Мысалы, әлемді мойындатқан бір қазақтың боз баласы немесе бойжеткені ана тілін білмесе, онан үлкен қасірет жоқ. Біз баста дәурен тұрғанда әлемге әмір жүргізген елдің ұрпағымыз.  Тарихта да үлкен жұмыс тындырмаған халықтар бар. Ал, біздің ешкімнен еш жеріміз кем емес. Тіліміз, жазуымыз, бөгенайы бөлек салтымыз, өз философиямыз, ұшан теңіз рухани қазынамыз, фольклорлық мұрамыз, т.б. бір ұлтта болуға тиістінің бәрі бар халықпыз. Мың жылдан бергі адамзат өркениетін оздырған түгел түрікке ортақ бабаларымызды айтпағанда, тілімізге тиек болып отырған Ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлы – қазаққа ғана емес, алашқа яғни күллі түрік жұртына ортақ, әлемдегі әрбір ғалымдармен иық тірестіріп көрсете алатын ұлы ғалым. Сондай ұлы ғалымдарды тудырған бүгінгі тәуелсіз елдің сағы сынбауы тиіс.

Үлкен рақмет!