Адам қанынан тұңғыш рет микропластик қалдықтары табылған

Адам қанынан тұңғыш рет микропластик қалдықтары табылған
Сурет: Recyclemag.ru

Пластик ыдыстармен сусын, су және тамақ ішу біз мән бермейтін қауіпке әкелуі мүмкін

Environment International ғылыми журналында жарияланған зерттеуге 22 аноним донор қатысқан. Олардың жартысының қанынан сусындарға арналған бөтелкелер өндірісінде қолданылатын ПЭТ-пластик табылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Үлгілердің үштен бірінде полистирол бар екені анықталған, бұдан тағам қаптамалары дайындалады.

«Пластик бөлшектері қан құрамында болып, бүкіл денеге тарайды», – дейді зерттеу авторларының бірі, экотоксиколог Дик Ветхаак. 

Зерттеушілердің пікірінше, қандағы микропластиктің денсаулыққа зияны бесенеден белгілі: олар адам жасушаларына зиян келтіріп, аллергиялық реакция тудырады және жасушаларды толығымен өлтіреді. 

Ветхаак сондай-ақ сәбилер мен балалардың химикатпен улануға көбірек бейім болатынын айтты. Зерттеулерге сүйенсек, пластик бөтелкедегі сүт қоспасымен тамақтандырған сәбилер күніне микропластиктің миллиондаған бөлшегін жұтады. Балалардың экскременттерінде ересектердікіне қарағанда микропластик саны әлдеқайда көбірек болған.