Жаңғырту және құрылыс: Алматыда медициналық инфрақұрылым қалай жақсартылып отыр

Жаңғырту және құрылыс: Алматыда медициналық инфрақұрылым қалай жақсартылып отыр
Сурет: ашық дереккөз

Алматыда 2023 жылы Жетісу және Әуезов аудандарында 2 жаңа емхана ашылды, сонымен қатар, 2023 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отырған 4 ОДА (отбасылық дәрігерлік амбулатория) құрылысы басталды.

Бұл туралы Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен Алматы қаласын дамыту жөніндегі кеңесте мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz. 

«Қазіргі уақытта алдыңғы қатарлы халықаралық тәжірибе базасында әзірленген МСАК (медициналық-санитарлық алғашқы көмек) жаңа бірыңғай стандартына сәйкес, 11 емхана мен ОДА үшін ЖСҚ әзірлеу жүргізілуде. Бұл стандарт медициналық көмек көрсету регламентеріне, жобалық-технологиялық шешімдерге, цифрландыруға және емханалардың менеджментіне қолжетімділік, сапа, технологиялылық және жайлылық сынды 4 негізгі критерий бойынша түбегейлі өзгерістерді көздейді. Қаланың жұмыс істеп тұрған 10 ірі көпсалалы стационарлары мен перзентханаларын салу және жаңғырту бойынша кешенді бағдарлама басталды», – деді Ерболат Досаев. 

Әрі оның айтуынша, денсаулық сақтаудың кадрлық әлеуетін күшейтуге ерекше көңіл бөлінеді. Осылайша, 3 500 дәрігер мен медбике еліміздің ғылыми медициналық орталықтары мен Германия, Израиль, Түркия клиникаларында біліктілігін арттырады. Қаланың тапсырысы бойынша биыл 1 қыркүйектен бастап 140 резидент пен магистрантты оқыту басталады.

«Жалпы, биыл бірінші жартыжылдықта біз негізгі көрсеткіштердің жақсарғанын көреміз. Жалпы өлім-жітім 11%-ға, ана өлімі 32,4%-ға, сәби өлімі 35,5%-ға төмендеді», - деді қала басшысы.