Жаңа экономикалық саясат үлкен міндеттер жүктейді

Жаңа экономикалық саясат үлкен міндеттер жүктейді
Сурет: Ult.kz

Мемлекет басшысы Жолдауда басты назарды еңбек өнімділігін арттыру мен тиімділікке аударып отыр. Тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Кәрібаев осындай пікірде. Ол салық жүйесінде, әкімшілік реттеуде де тиімділік негіз болатынын қоса айтты. 

"Жаңа экономикалық саясат - жаңа Қазақстанның дамуындағы маңызды белесті кезең. Бұл Жаңа Қазақстандағы алғашқы Жолдау" деді Б.Кәрібаев.

Сондықтан Президент экономикалық мәселелерді басым бағыттар деп айқындап отырғанын тілге тиек етті. 

Ал ҚазҰАЗУ профессоры Ақылбек Жұмагелдиев Жолдауда қуантатыны, ауыл шаруашылығы мен мал шаруашылығына көңіл бөлу екеніне баса мән берді. 

"Бұл жердегі басты мәселе мал шаруашылығын дамытып жатырмыз. Сонымен қатар оны тек шикізат түрінде пайдаланып қана қоймай, ары қарай өнімге айналдыру керек" деп ғалым өзекті мәселені алға тартты.

А. Жұмагелдиев бүгінгі қоғамда көпшілігі бәсекеге шыдас бермей жатқанын алға тартып, өнімнің сапасын жақсартатын уақыт келгенін баса айтты. 

"Жаңа инновациялық құрылғылар мен жаңа әдістерді қолданып жатсақ, нұр үстіне нұр болып, одан да сапалы өнімдер алатынымызға сенім мол" деп алда үлкен мақсат тұрғанын жасырмады.