Жер мәселесі дер кезінде көтеріліп отыр

Жер мәселесі дер кезінде көтеріліп отыр
Сурет: Matrica.kz

Мемлекет басшысының осы жолғы Жолдауы экономикалық мәселелерді көтеретіні белгілі еді. Себебі экономика шұғыл кірісіп, қолға алуды талап етеді. Осының барлығы мұнай мәселесімен тығыз байланысты екенін алға тартқан ҚР ҰҒА Президенті, академик Мұрат Жұрынов мемлекеттің негізгі табыс көзі де мұнай екенін баса атап өтті.

"Алпыс миллион тонна мұнайды КТК арқылы сыртқа шығарып сататынбыз. Қазір мұны тоқтатсақ, біздің барлық мүмкіндігіміз он миллионға жетер-жетпес болады" деп академик дабыл қағу керегін айтты. 

Академиктің пікірінше, Қазақстаннан бюджет қорына не түседі, қайдан түсетінін есептеп, үнемдеу қажет. Өйткені халықаралық жағдай осыны талап етеді. Бұған қоса ол Ресейдегі санкцияны, Украинадағы соғысты ескеріп, жұмыссыздықты болдырмау, жемқорлықты жою және елге қызмет беру деген үш бағыт бойынша жұмысты жалғастыру керегіне мән берді. 

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәди аграрлы ел екенімізді алға тартып, пайдаланылмай жатқан жер тағдыры туралы өз ойын бөлісті. 

"Бай мен кедей арасындағы тартыстар осы жер мәселесіне қатысты туындап отыр. Мемлекет басшысы бұл мәселені дер кезінде, халыққа керек кезінде қозғағанына тәнті болдым" деді С.Мәдиев.