Жаңа басқармалар оңтайландыру есебінен құрылады

Жаңа басқармалар  оңтайландыру есебінен құрылады
Сурет Алматы қаласы әкімдігі

Жаңа басқармалар Алматы аудандық әкімдіктерінің басқа басқармалары мен аппараттарын оңтайландыру есебінен құрылады. Бұл туралы мәслихаттың кезектен тыс XIV сессиясында Алматы әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шаханов мәлімдеді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz. 

«Сейсмикалық қауіпсіздік және жұмылдыру дайындығы басқармаларын құру штаттың ұлғаюын білдірмейді. Жаңа құрылымдар аудандық әкімдіктердің басқа басқармалары мен аппараттарын оңтайландыру есебінен қалыптастырылуда. Сондай-ақ қолда бар ресурстарды қайта бөлу есебінен қосымша бюджет қаражатын бөлудің қажеті жоқ», - деді ол. 

Жаңа басқармалар Алматы мәслихатының кезектен тыс XIV сессиясында бекітілді. Қала әкімі аппаратының басшысы Бейбіт Шахановтың айтуынша, жаңа құрылымдардың арқасында қалада өңірдегі сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қоғамдық кеңістіктерді салу мен жаңғыртуда бірыңғай қағидаттар мен тәсілдерді сақтауға байланысты проблемалар шешілетін болады.