«Алматыгаз» компаниясының жұмысшылары бас көтерді

«Алматыгаз» компаниясының жұмысшылары бас көтерді
Сурет: Uralskweek.kz

Газ құбырын жөндейтін слесарьлар мен техниктер 90 мың теңге жалақы ай сайынғы азық-түліктен артылмайды деп қынжылды.

«Алматыгаз» абоненттік есептеу орталығының 100-ге жуық маманы айлықты көтеруді талап етіп, наразылық білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

КТК телеарнасының ақпаратына сәйкес, жұмысшылар жол шығыны мен құрал-сайманды сатып алу үшін де өз қалтасынан қаражат шығарады екен.

«Бізге төрт ай болды. Осылай жиналамыз. Қоя тұрыңдар дейді. Тағы бір ай уақыт беріңдер дейді. Біз бір ай уақыт күтіп шаршадық. Айлығымыз несиемізге жетпейді. Тамақ, бала-шаға бар. Анау-мынау төлейтініміз бар. Жағдайымыз жетпей жатыр. Жолымызға төлемейді. Жеке көлік бермейді. Өзіміздің көлікпен ақша құйып барамыз үйлерге», - дейді слесарь Еламан Жанәбіл.

Тауы шағылған жұмысшылар таңнан қара кешке дейін Алматыдағы үйлерді аралап, газ құбырын жөндейді, тексереді, ақау шықса, қалпына келтіреді. Оған қоса сан түрлі құжат толтыру міндеті де осы слесарьлар мен техниктердің мойнына жүктелген. Қағазбастылықтан шаршаған жұмысшылар жол шығынынан бөлек қажетті құрал-сайманды да өз қаражатымызға сатып аламыз деп кейіді.

Телеарна мәліметінше, үйлеріне көгілдір отын тартқан тұрғындарға қызмет көрсететін мамандар тоз-тозы шыққан ғимаратта отырады.

«Күн тәртібіне еңбекақыны көтеру, жұмыс істеуге ыңғайлы жағдай жасау мәселесін қойдық. Менің ойымша, 15 күнде нақты шешімдер қабылдай бастаймыз. Барлығы ретімен болады. Бюджет негізі бөлінген. Бірақ қаржыны қайта бөлу керек болса, оны да қарастырамыз», - деді Qazaq Billing компаниясының атқарушы директоры Дмитрий Махров.

Төрт айдан бері талабымыз орындалмады деген жұмысшылар түйткілдің түйіні 15 күнде тарқайды дегенге сенбейді. Газ мамандары "уәде етілген мерзімде маңдай тер ақымыз көтерілмесе, аштық жариялап, наразылық шарасын жалғастырамыз" деп тарқасты.