Заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясы басталды

Заңсыз сақталған қаруды сатып алу акциясы басталды
Сурет: Gov.kz

Қару-жарақ заттарын ерікті түрде тапсырғаны үшін әр бірлікке 34 мың теңгеден 345 мың теңгеге дейін төлем көзделген.

Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, былтыр қазақстандықтардан 1400 бірлік атыс қаруы, 10 мыңнан астам патрондар сатып алынған. Ол үшін азаматтарға 89 млн теңге төленді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 24.kz-ке сілтеме жасап. 

Тәртіп сақшыларының сөзінше, бұл шара елдегі криминогендік ахуалға оң септігін тигізеді. Мәселен, кейінгі 5 жылда қарулы қылмыс саны 50%-ке дейін азайған.

«Заңсыз сақталған қару-жарақ заттарды ерікті түрде өтемді тапсыруға ниет білдірген азамат, егер оның әрекеттерiнде өзге құқықбұзушылық құрамы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатылатынын айта кету қажет», - дейді  ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті қару айналымын бақылау бөлімінің бастығы Асылбек Ыдырысов.

Тапсыруға ниет білдірген азамат кез келген аумақтық полиция органына өтініш бере алады. Өтінішті тікелей полиция органдарының кезекші бөлімдеріне беруге болады немесе телефон арқылы жүгінген кезде аталған заттардың орналасқан жеріне барлық қажетті іс-шараларды жүргізетін полиция қызметкері жолданады.