Алаш мүддесі - елдікті сақтау

Алаш мүддесі - елдікті сақтау
Сурет: Рricom.kz

Алаш алыптарының арманы - елдіктің туын биік ұстау!

Алаш идеясы ұлттық мүддеге қызмет етті. Халықты бірлікке, жеке дара жол табуға шақырды. Нақ сол заманда сөз өнеріне ерекше әсер етті. Көсем сөз шебері Зейнолла Қабдолов «Әдебиет - ардың ісі» депті. Расында солай. ХХ ғасырдың басырдағы Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтар қазақтың тағдырын күйттеді. Кітап жазды. Тарихты қаузады. Әрқайсысы қажетті салаларды дамытты. Мәселен, ұлт ұстазы ұлы Ахаң «Тіл құралы», «Әдебиет танытқыш» атты еңбекті артына мұра етіп қалдырды. Егіз қозыдай екі саланың жілігін шағып, жік-жікке бөліп берді. Міржақып атамыз болса, алғаш «Бақытсыз Жамал» романын жазды. Ал осының бәрін үйлестіріп, Алаштың негізгі идеясын құрушы Әлихан Бөкейханов болды. Халқымыздың маңдайына біткен арда ұлдары әр уақытта болашақты ойлады. Оның ішінде жастардың келешегіне, қазақ елінің тағдырына алаңдады. Сол мақсатта қызмет етті. Ең үлкені бүгінгі тәуелсіздіктің концепциясын жасады десек, артық айтпағандық болар еді. Осының бәрін топтай бір арнаға түсіргенде шығатын ой біреу. Ол қазіргі әдебиеттегі Алаш идеясының көрініс табуы, заңды құбылыс деп бағаланады. Өйткені, барлық нәрсенің қамтылар, адам ойынан шығар, тоғысар жері - асыл сөз (әдебиет - арабшадан аударғанда) демекпіз. Бүгінгі таңда оқу бағдарламаларында көрініс тауып жатқаны көңіл қуантады. Себебі Алаш қайраткерлерінің жасаған істері ел жадында жаңғырып жатқанына разымыз. Алуан-алуан шаруа атқарып, осы жолда өмірін берген қазақтың қайсар тұлғаларына қалайша риза болмайсыз? Бәлкім, алда біршама уақыт өтіп, әлі де тарихтан өз орындарын жаңаша қырынан айшықтар. Мұны уақыттың еншісіне қалдырдық. Біздің басты мақсатымыз - толарсақтан қан кешіп, саяси қуғын-сүргін көрген бабалар аманатына адалдық танытып, олардың мұраларын өскелең ұрпақтың қолына табыстау. Міне, осы жолда барымыз бен нарымызды салсақ, озғанымыз сонда болмақ. Біздерше түйгендегі шығатын ой-пайым осы. Алаш идеясының қазіргі әдебиеттегі көрінісі мен атқарар рөлі деген мазмұнды осылайша топтаймыз.

Қазақ халқының ешкімнен кем еместігін дәлелдеп, ұлтты айрандай ұйытып, тіршілік қылуын көздеді. Соны арман етті. Біздер тарихтың бір парасын ғана шерттік. Бір шетін ғана баяндадық. Азды-кемді ақпарды айттық. Ал қаншама айтылмаған ойлар, деректер, әлі де ашылмаған сырлар баршылық? Жоғарыда соның біршамасына тоқталдық. Түйіндегенде, Алаш алыптарының істеп кеткен игі істері болашақ елдің жемісі болары анық.