Үй жануарларын ұстаудың жаңа ережесі бекітіледі

Үй жануарларын ұстаудың жаңа ережесі бекітіледі
Сурет: Inform.kz

Үй жануарларын ұстау және серуендетудің жаңа ережесін бекіту ұсынылды.

Бұл туралы «Ашық» НҚА порталында жарияланған Экология және табиғи ресурстар министрінің бұйрығында жазылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Жаңа редакцияға сәйкес, бұрын болмаған мына ережелер енгізіледі:

- Вакциналанбаған және зарарсыздандырылмаған жануарды ұстауға жол берілмейді;

- Кіреберістерді, баспалдақ торларын, лифтілерді, сондай-ақ ойын алаңдарын, жолдарды, тротуарларды үй жануарларының нәжісімен ластауға тыйым салынады. Үй жануарларының иесі нәжісті дереу тазалауға міндетті;

- Әкімшіліктің келісімі бойынша қонақ үйге итпен немесе мысықпен қоныстануға рұқсат етіледі;

- Үй жануарларын ұзақ уақыт қараусыз қалдыруға жол берілмейді. Ол жануардың түрі мен тамақтану, серуендеу және қарым-қатынас қажеттіліктеріне байланысты анықталады;

- Бақылаусыз қалған ересек иттер үшін шекті мерзім 12 сағаттан, мысықтар үшін 48 сағаттан аспауы тиіс;

- Бақылаусыз қалған марғаулар мен күшіктер үшін уақыт олардың жасына және тамақтандыру мен күтімнің физиологиялық қажеттіліктеріне, сондай-ақ емізетін мысықтар мен иттердің болуына байланысты анықталады;

- Қарау мүмкін болмаған жағдайда жануардың иесі немесе жауапты тұлға оны уақытша ұстауға үшінші тұлғаларға береді, зоологиялық қонақ үйге орналастырады;

- Ит иесі үй жануарларына бос жүру дағдыларын үйретеді, агрессияның көріністерін бақылайды, итті негізгі командаларға үйретеді;

- Адамдарды немесе жануарларды тістесе және агрессия адамның немесе жануардың іс-әрекетінен туындаған болса, ветеринариялық емдеу ұйымының немесе осы аумаққа қызмет көрсететін ветеринариялық дәрігердің рұқсаты бойынша иесі жануарды күнтізбелік 10 күн ішінде оқшауланған үй-жайда ұстау туралы жазбаша нұқаулық береді;

- Азаматтарға, кәсіпорындарға, мекемелерге және ұйымдарға тиесілі иттер ветеринарлық клиникаларда немесе ветеринарлық мекемелерде тұқымына қарамастан 3 айдан бастап құтыру мен басқа ауруларға қарсы міндетті тіркеуге, өңдеуге және вакцинациялауға жатады. Жаңадан сатып алынған жануарлар жануардың жеке тіркеу нөмірін ала отырып, 2 апта мерзімде тіркелуге тиіс;

- Тасымалдау ережелерін сақтай отырып, жануарларды жер үсті көлігінің барлық түрлерімен тасымалдауға рұқсат етіледі;

- Иттер мен мысықтарды азық-түлікке тұтыну, осы жануарлардан сою немесе мертігу немесе денсаулыққа өзге де зиян келтіру жолымен өнімдер мен шикізат алу үшін өсіруге, күтіп-бағуға, пайдалануға, сондай-ақ осындай өнімді өткізуге тыйым салынады;

- Жануардың иесі оны биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес ұстауға, жануарға қамқорлықпен қарауға, оны тамақсыз және сусыз қалдырмауға, жануарға қатыгездікке жол бермеуге және ауырған жағдайда уақытында ветеринариялық көмекке жүгінуге міндетті;

- Иттер мен мысықтарды бақылаусыз асырауға жол берілмейді. Иттің, мысықтың иесі кинологиялық және фелинологиялық ұйымдарда тиісті тіркеуі бар немесе жануардың денсаулығына қарсы көрсетілімдері бар адамдардан басқа, оларды кастрациялау/зарарсыздандыру арқылы үй иттері мен мысықтарында қажетсіз ұрпақтардың пайда болуын болдырмау үшін шаралар қабылдауға міндетті;

- Иттің сатып алынғаны, жоғалғаны немесе өлгені туралы иесі тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған ұйымдарға, ветеринариялық мекемелерге үш тәулік ішінде хабарлайды;

- Жануардың өлексесі ҚР ветеринариялық нормаларына сәйкес кремациялау, кәдеге жарату немесе көму үшін 1 тәулік ішінде ветеринариялық мекемеге тапсырылады;

- Жануардың өлексесін лақтыруға тыйым салынады.

Аталған ережелер қамтылған бұйрық 6 сәуірге дейін көпшілік талқылауда болады.