Ұлттық жобаға – отандық жиһаз

Ұлттық жобаға – отандық жиһаз
Сурет: Рrimeminister.kz

Жаңа форматтағы мектептерге барлық жиһаз қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады.

ҚР Үкіметі «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына отандық жиһаз және әрлеу материалдарын өндірушілердің қатысуын арттыруды көздейтін өзгерістер мен толықтырулар енгізді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Үкіметтің ресми ресурсына сілтеме жасап.

Сондай-ақ сыртқы қасбеттерді әрлеуде қолданылатын материалдардың басым бөлігі отандық өндірістің тауарлары болмақ.

Кәсіпкерлерді қолдаудың қосымша шарасы ретінде ұзақ мерзімді жеткізуді жоспарлауға және тиімді шарттармен жобаны қаржыландыруға мүмкіндік беретін алдын ала келісімшарттарды қолдану қарастырылған.

Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, салынып жатқан мектептерді жабдықтау үшін жиһаздар мен құрал-жабдықтарға қажетті барлық техникалық шарттарды анықтаған.

ҚР Үкіметі қабылдаған өзгерістерді сапалы іске асыру үшін елішілік құндылық үлесінің көрсеткіштеріне мониторинг жүргізіледі.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылуда.

Жоба аясында 740 мың орындық 369 мектеп ашу жоспарланған. Бұл өз кезегінде  апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселелерін шешеді.