Қант диабеті қалай пайда болады?

Қант диабеті қалай пайда болады?
almaty-akshamy.kz

Алматылық дәрігер қант диабетіне әкеп соқтыратын факторлар туралы айтты

Дәрігерге уақытылы қаралып емделмеген аурудың бәрі қауіпті. Оның ішінде қант диабеті де бар. Жылда 14 қарашада Дүниежүзілік қант диабетімен күрес күні аталып өтеді. Осы орайда №7 қалалық клиникалық аурухана емханасының эндокринолог-дәрігері Айдана Жолдасова не дейді?

Қант диабеті – бұл инсулин гормонының жеткіліксізідігімен, сондай-ақ барлық зат алмасудың бұзылуымен сипатталатын зат алмасу аурушаңдығы. Қант диабетіне әкеп соқтыратын факторлар: дененің артық салмағы (семіздік), әсіресе, абдоминальды семіздік (ер адамның белінің көлемі 102 см және одан да жоғары; әйел белінің көлемі 88 см және одан да жоғары болуы); артериалдық гипертония (қан қысымы 140/90 мм.рт.ст. және одан жоғары); жақын туыстарда (ана, әке, аға, әпкеде) қант диабетінің болуы; физикалық белсенділіктің төмендігі; қандағы «мықты» холестериннің төменгі деңгейі (ЛПВП 0,9 ммоль/л-ден кем) және триглицеридтің жоғары деңгейі (2,82 ммоль/л және одан жоғары); жүктілік кезіндегі қандағы қанттың жоғары деңгейде болуы, баланың 4 кг-дан артық туылуы.

Ал қант диабетінің симптомдары: үнемі шөлдеу, ауыздың құрғап кетуі; несептің жиі шығуы; қатты шаршау, әлсіздік; салмақ жоғалту, кейде тәбеттің көтерілуі; ер адамдағы эрекцияның төмендеуі; қабынушылық үрдістер, терідегі тырнақ ізі, тез жазылмайтын жаралар, тыртықтар.

Егер сізде осы қауіпті факторлардың біреуі немесе бірнешеуі байқалса, глюкозаға қан тапсырғаныңыз дұрыс.
Диабетті уақытында анықтамау немесе емделмеудің соңы жақсы болмайды. Атап айтқанда, жүрек-тамыр жүйесі зақымданады (миокард инфаркті және ми инсульты); көру қабілеті төмендейді (соқырлыққа дейін апаруы мүмкін); бүйрек жеткіліксіздігі; жүйке жүйесінің зақымдануы; гангрена, аяқты кесу.

Егер диабет алдындағы белгілер пайда болса немесе осы диагноз нақты қойылған жағдайда: қандағы глюкозаның деңгейін үнемі бақылап отыру (оның ішінде глюкометтің көмегімен өз бетіңізше); қант және майды тұтынуды шектеу; дәрігеріңіз ұсынған дәрілерді уақытылы ішіп жүру қажет.

Керек кеңес

ЕМДЕУ ӘДІСТЕРІ

2 типтегі  ҚД – ұзақ және табанды терапияны талап ететін ауру:
– препараттарды қабылдау; 
– диета;
– өмір салтын өзгерту.
2 типтегі қант диабетін тиімді емдеу тек қант диабетінің өзімен ғана емес, сонымен қатар ілеспелі аурулармен күресті білдіреді, олар: семіздік; гипертония; ангиопатия; нейропатия; депрессия.