Денсаулық сақтау министрі екпе алуға шақырды

Денсаулық сақтау министрі екпе алуға шақырды
Сурет: gov.kz

Биыл 13 мыңнан астам адам қызылша жұқтырған.

Ажар Ғиният қазақстандықтарды қызылшаға қарсы екпе алуға шақырды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz үкіметтің ресми арнасына сілтеме жасап.

Қазіргі уақытта Қазақстанда, сондай-ақ әлемнің көптеген елінде қызылша ауруына қатысты қолайсыз эпидемиологиялық жағдай қалыптасып отыр.

Министр соңғы екі айда елімізде сырқаттанушылар саны күрт өскенін, биыл 13 мыңнан астам адам қызылша жұқтырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ауру жұқтырғандардың 83 пайызы балалар, негізінен 5 жасқа дейінгілер. Олардың 70 пайызы екпе алмаған. Науқастардың арасында екпе алмаған ересектер де бар.

Ажар Ғиният инфекцияның таралуының артуы салдарынан Қазақстанда қосымша жаппай екпе алуды жүргізу туралы шешім қабылданғанын, бұл қаңтар айының соңына дейін жалғасатынын айтты.

Министрдің айтуынша, елімізде вакцина жеткілікті.

«Вакциналау мәртебесі жоқ балаларға, инфекция ошақтарында болған ересектерге екпе егеміз. Баршаңызды аурудан сақтану үшін емханаға шақырамыз», - деді Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі инфекциялық аурудың екпемен алдын алуға болатынын ескертті.

«Бүгінгі таңда қызылша вирусының өзіне тән емі жоқ, сондықтан мұндай қауіпті инфекциядан құтылудың жалғыз жолы екпе егу болып отыр. Вакцинаның өзінен қорықпау керек, ол тексерілген. Біз оны жыл сайын ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес қолданамыз»,-деді Ажар Ғиният.