ТЖМ 71 дрон мен су шашатын құрылғылар сатып алады

ТЖМ  71 дрон мен су шашатын құрылғылар сатып алады
Сурет: интернеттен

Бұған үкімет резервінен 633 млн теңгеден астам қаржы бөлінді.

Үкімет төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелерін арнайы құрылғылармен қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдап жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, тиісті қаулыға премьер-министр Әлихан Смайылов қол қойған.

«Құжатқа сәйкес, қаражат табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларды жоюға қатысатын Төтенше жағдайлар министрлігінің әуе кемелеріне 5 су шашу құрылғысын және 71 ұшқышсыз ұшу аппаратын сатып алуға бағытталады», - делінген хабарламада.

Бүгінгі таңда ТЖМ қарамағында 27 ұшқышсыз ұшу аппараты бар. Алайда биыл болған өрттер мен басқа да төтенше жағдайлар олардың санының жеткіліксіз екенін көрсетті.

Сондай-ақ қазіргі уақытта ашық су қоймаларынан су алып, табиғи өрт ошақтарына әуе арқылы жеткізу үшін 12 су шашатын құрылғы бар. ТЖМ авиациялық паркі көпфункциялы 34 әуе кемесінен тұрады.

«Осылайша жаңа дрондар мен су шашу құрылғыларын сатып алу табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде тиісті бөлімшелердің тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», деп мәлімдеді үкімет.