Осы жылы қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда рекордтық нәтижелер көрсетті

Осы жылы қазақстандық оқушылар халықаралық олимпиадаларда рекордтық нәтижелер көрсетті
Сурет: Turkistantimes.kz

Білім сайысындағы жетістіктері үшін оқушыларға берілетін сыйақы мөлшері қандай?

Биыл Қазақстан оқушылары халықаралық пәндік олимпиадада 2 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль жеңіп алды. Бұл жайында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

«2021 жыл қазақстандық оқушылар үшін олжалы болды. Биыл шәкірттер әлемдік олимпиадаларда 31 медальдің 26-ын жеңіп алып, соңғы жылдардағы рекордты жаңартты. Білім алушылар ел қоржынына 2 алтын, 13 күміс және 11 қола медаль салды. Биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев дарынды балаларды қолдау үшін шаралар әзірлеуді тапсырды. Бұл міндетті іске асыру үшін министрлік заңнамаға түзетулер әзірледі. Қазір заң жобасы ҚР Парламенті Мәжілісінің қарауына енгізілді», - деп жазды министр Facebook парақшасында.

Оның атап өтуінше, түзетулер халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарына ҰБТ-сіз, яғни конкурстан тыс негізде білім алу үшін гранттар беруді, сондай-ақ осы олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және оларды даярлаған педагог- жаттықтырушыларға да біржолғы ақшалай сыйақы төлеуді көздейді.

«Оқушыларды ынталандыру үшін алтын медаль иегерлеріне — 1500 АЕК, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медальға – 500 АЕК көлемінде ақшалай сыйақы тағайындау жоспарланып отыр», - деді Асхат Аймағамбетов.