Түрксіб ауданында биыл төрт мектептің құрылысы басталады

Түрксіб ауданында биыл төрт мектептің құрылысы басталады
Сурет: Gov.kz

Әкімдік ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударуда.

Түрксіб ауданыда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бұл туралы Алматы әкімі Ерболат Досаев аудан тұрғындарымен өткен кездесуде айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Сондықтан біз жаңа мектептер салу және қолданыстағы мектептерді кеңейту жұмыстарын жалғастыруға ниеттіміз. Өткен жылы «Қайрат» шағын ауданында 1 500 орындық №211 мектеп-гимназия салынды. Ол биыл  қыркүйек айында жұмысын бастайды», - деді қала басшысы. 

2022 жылдың желтоқсанында қолданыстағы ғимаратты (860 орын) сейсмикалық күшейтіп және 300 орынға қосымша құрылыс салып, №59 мектеп-гимназияның ғимаратын реконструкциялау басталды. Жұмыстарды 2024 жылдың І-ші тоқсанында аяқтау жоспарланған.

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында осы жылдың IІI-ші жартыжылдығында Түрксіб ауданында 6100 орындық 4 мектептің құрылысы басталады.

Сонымен қоса 2 мектепке 1050 орындық қосымша құрылыс салу (№195 орта мектепке 450 орындық, аяқталуы – осы жылдың тамыз айы және №198 орта мектепке 600 орындық, аяқталуы – осы жылдың қыркүйек айы), №83 гимназия филиалын реконструкциялау (аяқталуы – 2023 жылдың қазан айы) және №50 мектеп ғимаратын сейсмикалық күшейту (аяқталуы - 2023 жылдың желтоқсан айы) жобалануда.

Осы жылдың наурыз айынан бастап қолданыстағы ғимараттарды бұзып, Алматы телекоммуникация және машина жасау колледжін салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуді 2024 жылдың І-ші тоқсанында аяқтау жоспарланған.

№70 бөбекжай-балабақша ғимаратын сейсмикалық күшейту жұмыстары аяқталып келеді. Осы жылдың шілде айында ашуды жоспарлап отырмыз. Жыл соңына дейін «Қайрат» шағын ауданындағы 260 орындық мемлекеттік балабақшаның құрылысы аяқталады.

Осы жылдың ІІІ-ші тоқсанында жер учаскесі алынғаннан кейін «Әлмерек» шағын ауданында 320 орындық балабақша салу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеуге конкурс жарияланады.