Телефондарды тіркемеген операторлар жауапқа тартылады

Телефондарды тіркемеген операторлар жауапқа тартылады
сурет:zn.ua

«Ашық» НҚА порталында жарияланған тұжырымдама бірнеше маңызды бағытты қамтыған.

Ішкі істер министрлігі «Қоғаммен әріптестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасын» ашық талқылауға шығарды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz.

«Ашық» НҚА порталында жарияланған тұжырымдама бірнеше маңызды бағытты қамтыған. Төртжылдық жоспар тұрғындар қауіпсіздігі және азаматтардың құқық қорғау қызметкерлерімен әріптестікте жұмыс істеуіне негізделген.

«Осы жобаны қабылдау оның барлық субъектілерінің ортақ жауапкершілігі негізінде құқық бұзушылық профилактикасының тұтас жүйесін құру арқылы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шаралардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Іске асырылып жатқан шаралар Жаһандық бейбітшілік индексінің, «WJP Rule of Law Index» заң үстемдігі индексінің, Жол-көлік жарақаттары жөніндегі дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының рейтингтеріндегі позицияны жақсартуға мүмкіндік береді», - делінген құжатта.

Тұжырымдаманы іске асыру аясында мына шаралар қолға алынады:

- Зорлық-зомбылық құрбандарына (әйелдерге, балаларға, қарттарға) кешенді көмек көрсету қажеттілігін ескере отырып, өңірлерде дағдарыс орталықтары желісін кеңейту;

- Қоғамдық ұйымдармен және қайраткерлермен бірлесе отырып, дағдарыс орталықтары жұмысының арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандартына сәйкестігіне тұрақты мониторинг жүргізу практикасын енгізу;

- Некені бұзу процестерінде отбасылық даулар мен жанжалдар бойынша тегін медиация рәсімін енгізу;

- Тиісті стандартты әзірлей отырып, отбасылық- тұрмыстық жанжалдар кезінде агрессорлардың мінез-құлқын түзету бойынша психологиялық көмек көрсету бағдарламаларын енгізу;

- Бес жылдағы әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың ауқымының, себептері мен салдарының динамикасы, сондай-ақ олардың алдын алу жөніндегі шаралардың тиімділігі туралы зерттеу жүргізу (БҰҰ-ның Қазақстандағы бейінді агенттіктерімен ынтымақтастықта келісім бойынша);

- Абоненттік құрылғыларды тіркеу қағидаларын сақтамағаны үшін ұялы байланыс операторларының жауапкершілігін енгізу;

- Қазақстанның Еуропа Кеңесінің компьютерлік қылмысқа қарсы конвенциясына қосылуы;

- Алкоголь және есірткі бойынша еуропалық мектептегі зерттеулер жобасының (ESPAD) әдіснамасы бойынша 14-18 жас аралығындағы оқушылар арасында психикалық белсенді қолданудың таралуын бағалау бойынша жылына кемінде 1 рет тұрақты мониторинг рәсімін енгізу және тағы да басқа шаралар кешені.

Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сай, осы жұмыстарды орындау нәтижесінде көшеде жалғыз жүргенде өзін толық қауіпсіз сезінетін адамдар үлесін 2028 жылға дейін 63,6%-ға жеткізу жоспарланған.

Сонымен қатар, 2030 жылға қарай 100 мың тұрғынға шаққанда жол-көлік оқиғалары кезінде қайтыс болғандар саны 10,3-ке дейін төмендету көзделіп отыр.

Бұған қоса, Әлемдік бейбітшілік индексі рейтингіндегі Қазақстанның позициясын 85-орыннан 60-орынға дейін жоғарылату.

Құжаттың толық мәтінін мына сілтеме бойынша өтіп, көруге болады.