ROZA BAǴLANOVA коллекциялық монеталары сатылымға шығарылады

ROZA BAǴLANOVA коллекциялық монеталары сатылымға шығарылады
Сурет: Nationalbank.kz

Монеталар «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» атты сериямен шыққан.

Қазақстанның Ұлттық банкі 27 шілдеден бастап ROZA BAǴLANOVA. 100 JYL коллекциялық монеталары сатылымға шығарылатынын айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Номиналы 100 теңгелік мельхиордан соғылған монеталар қазақтың опера және эстрада әншісі Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған.

Монеталар www.kazcoins.nationalbank.kz платформасында Ұлттық банктің интернет-дүкені арқылы сатылады.

Монетаның сипаттамасы

Монета аверсінің орталық бөлігінде Қазақстанның мемлекеттік елтаңбасы бейнеленген. Елтаңбаның оң жағы мен сол жағында ою-өрнек элементтері орналасқан. QAZAQSTAN ULTTYQ BANKI • NATIONAL BANK OF KAZAKHSTAN деген жазу монета жиегімен айналдыра жазылған. Төменгі бөлігінен монетаның номиналын білдіретін 100 TEŃGE жазуын көруге болады.

Монета реверсінде Роза Бағланованың суреті, портреттің сол жағында мерейтойлық датаны білдіретін 100 JYL деген жазу бар, монета жиегінде «Ах, Самара-городок» әнінің ноталары, ROZA BAǴLANOVA деген жазу айналдыра басылған, сол жағында – монетаның шыққан жылын білдіретін «2022» деген жазу бар.

МН25 қоспасынан жасалған номиналы 100 теңгелік монетаның массасы – 15 грамм, диаметрі – 33 мм, дайындау сапасы – brilliant uncirculated, таралымы – 15 000 дана.

Монета коллекциялық құны тұрғысынан сатуға арналған. Оны белгіленген құнына сай Қазақстанның бүкіл аумағында барлық төлем түрі бойынша, сондай-ақ банк шоттарына аударуға, Қазақстанның барлық банкінде аудару, ұсақтау және айырбастау үшін пайдалануға болады.

Коллекциялық монета Қазақстанның теңге сарайында жасалған.