Тәуелсіздік – баянды болашақтың кепілі

Тәуелсіздік – баянды болашақтың кепілі
Сурет: Еgemen.kz

Еліміздің азаттыққа қол жеткізгеніне отыз жылдан асты.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Кеңес үкіметінен қалған тозығы жеткен, технологиясы ескірген өндіріс орындарының біртіндеп тоқтай бастауы, онда жұмыс істейтін мамандардың азаюы, азық-түлік өнімдері мен қажетті тауарлардың, тағы да басқа көптеген дүниелердің жетіспеушілігінен қиын кезеңдерді бастан кешірдік.

Тәуелсіздік жастарымыздың әлемнің озық оқу орындарынан білім алып, білікті ғалымдардан, кәсіпкерлерден, менеджерлерден, шығармашылық тұлғалардан сабақ алып, тәжірибе алмасып жан-жақты дамуына жол ашты. Қашанда ел басшыларының үздіксіз қолдауына ие болып келе жатқан, еліміздегі кәсіби музыка мамандарын даярлайтын бірегей жоғары оқу орны – Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы өнерлі жастарды әлемдік мәдениеттің көшіне ілестіруге, ұлттық өнерді шетелдерде барынша насихаттауға ерекше мүмкіндік алды. Өнер-білім ордасының оқытушылары, білім алушылары мен түлектері түрлі халықаралық конференцияларға, жобаларға қатысып, халықаралық байқаулар мен фестивальдарда, концерттерде өнер көрсетіп, ұлттық музыкамызды насихаттап, еліміздің мерейін өсіріп, әлемдік академиялық музыка мұраларын және аспаптық орындаушылық өнерін жоғары деңгейде меңгергендігін дәлелдеп келеді.

Атап айтқанда, студенттік симфониялық оркестрдің Қазақстан қалаларында концерттік қойылымдар көрсетуі, Ұлыбританиядағы Barbican Hall концерттік залында, Италияның  Сан Феличе Академиясында өткен  «Ninth International Festival of European Youth Orchestras» атты жастар оркестрі фестивалінде, Германияның Берлин, Кассель, Франкенберг, Баттенберг, Бонн қалаларында өткен «Young Euro Classic» және «Kultursommer» халықаралық жастар оркестрі фестивалінде өнер көрсетуі, Қазақ ұлт аспаптар студенттік оркестрінің Қытайға және Түркияның Анкара, Стамбул қалаларына гастрольдік сапар жасауы, Қырымда өткен «Халықаралық өнерлі жастар мен студенттер фестиваліне» қатысуы, студенттік аралас хордың Италиядағы Халықаралық хор ұжымының «Музыкалық Венеция-2009» фестиваліне қатысуы, Студенттік камералық оркестрдің Тәжікстандағы Халықаралық «Бахористан» камералық оркестрлер фестиваліне қатысуы және консерватория педагогтары мен студенттік ұжымдарының Алматы қаласындағы республика сарайында, Астана қаласының концерттік залдарында, еліміздің өзге өңірлерінде табысты ұжымдық концерттер қоюы, басқа да әлемдік сахналарда өнер көрсетуі, музыкатанушы, өнертанушы ғалымдарымыз бен магистрант және докторанттарымыздың өз еңбектерін беделді халықаралық басылымдарда жариялап, конференцияларға қатысып, шетелдік әріптестерін мойындатуы – консерваторияның ғылыми, орындаушылық, шығармашылық әлеуетін айқындаса керек-ті. Осындай кәсіби музыкалық білім базасымен «қаруланған» консерватория бітірушілері болашақ музыка маманы ретінде республиканың барлық музыкалық ұжымдарында, концерттік ұйымдар мен оқу орындарында табысты қызмет етуде. Бұл – ел тәуелсіздігінің біздің жоғары оқу орнындағы жетістігі.

Ақпараттық технологиялар барынша дамып, түрлі зиянды ақпараттар азаматтарымыздың санасын улап жатқан жаһандану заманында елдігімізге басты қауіптің қайдан екенін саралап, халқымыздың ұлттық болмысын, рухани саулығын, бірлігін сақтау аса маңызды мәселе боп тұр. Тәуелсіздігіміз барда – ондай бағыттағы шаруаларды жасау мүмкіндігі өз қолымызда. Мемлекет болмақ түгілі ұлттығын сақтай алмай жұтылып кеткен, жоғалып бара жатқан этностар қаншама?! Тәуелсіздіктің баянды болуының басты кепілі – ауызбірлік, тыныштық пен бейбітшілік. «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дейді атадан қалған асыл сөз. Үздіксіз даму үстіндегі қазіргі заманда Тәуелсіздігімізді нығайтып, азаматтарымыздың рухани-интеллектуалдық әлеуеті мен әл-ауқатын көтеріп, бәсекеге қабілетті, дамыған елдер қатарына қосылып, сол биігімізден түспей, басқаларға үлгі боларлық жағдайға жету үшін ел ертеңіне алаңдайтын әрбір азамат мейлінше осы құндылықтарды сақтап, ұрпақтан-ұрпаққа қаймағын бұзбай жеткізу үшін аянбай атсалысуы керек деп есептеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, болашағымыз жарқын болсын!