Соңғы екі аптада теңгенің күрт әлсіреу себебі неде

Соңғы екі аптада теңгенің күрт әлсіреу себебі неде
Сурет: ашық дереккөз

Қыркүйек айының соңғы күндерінде теңге құны құлдырады. Әрине, бұл жұртшылықты біршама алаңдатты. Өйткені, сауда жүйесіндегі баға болжамы да осыған тікелей байланысты.

Ұлттық Банктің Төрағасы Тимур Сүлейменов жаһандық инвесторлармен кездесуінде соңғы екі аптада теңгенің күрт құлдырау себебін түсіндірді,   деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«АҚШ долларының жаһандық деңгейде күшеюі (дамыған елдердің валюталар қоржынына қатысты АҚШ долларының индексі қыркүйекте 2,5%-ға өсті), импорттаушылар тарапынан маусымдық сұраныстың артуы, базалық мөлшерлемені төмендету бойынша қабылданған шешім Үкіметтің квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімді міндетті түрде сату туралы норманы қолдануының тоқтатуы. Осы факторлардың жиынтығы теңге бағамының қысқамерзімді әлсіреуіне әкелді. Маңызды факторлар тұрғысынан алып қарағанда, мұнай бағасының өсімі мен төлем балансының жалпы жағдайы тұрақтандырушы әсерге ие болып, ұзақ мерзімде теңгеге қолдау көрсетеді», деді ол.

Инвесторлармен кездесу барысында Тимур Сүлейменов қазіргі экономикалық жағдай мен жүргізіліп жатқан монетарлық саясаттың негізгі бағыттары мен алдағы сын-тегеуріндерге қатысты мәселені қозғаған.

«Ұлттық Банктің негізгі міндеті – проинфляциялық қысымды жұмсарту және инфляцияны ортамерзімді мақсатқа жақын 5% деңгейінде тұрақтандыру. Барлық күш-жігер осы мақсатқа жетуге бағытталады. Алайда, теңгенің айырбас бағамы еркін өзгермелі қалпында қала береді. Сонда ғана экономика кез келген өзгерістерге тез бейімделетін болады», деді ол.

Банк басшысы ақша-кредит саясатының Ұлттық Банктің бұрынғы іс-әрекеттері мен ақпараттық саясатына сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді. Егер, нақты инфляцияның бәсеңдеу үрдісі қарқынды болса, базалық мөлшерлемені де қалыпты түсіру жалғасатынын, дегенмен, фискалды ынталандырудағы әлеуетті ұлғаю тәуекелдері және экономикадағы тұрақты сұраныс жағдайында инфляциялық күтулердің жоғары деңгейі оның төмендеу кеңістігін шектеуі мүмкін екенін де айтты.

Ал ақша-кредит саясаты әдеттегідей ашықтыққа, жүйелілікке, түсінікті әрі болжамды болу қағидаттарына негізделмек. Банк басшысы реттеушінің ықтимал ауытқуларға дер кезінде ден қою үшін жылдық инфляцияның таргетке келу траекториясын қадағалап отыратынын айтты.

Инвесторлармен болған диалог кезінде Ұлттық Банк қызметінің басым бағыттары ретінде баға тұрақтылығын қамтамасыз етуден бөлек, монетарлық және фискалдық саясатты үйлестіру, ішкі қаржы нарығының тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз ету және оны одан әрі қалыпты дамыту ісінде Үкіметпен тиімді жұмыс жасалатыны айтылды.

Ол сондай-ақ, Ұлттық Банктің ашық та айқын коммуникациялық саясатты жалғастыруға ниетті екенін және оны одан әрі жетілдіруге күш салатынын атап өтті.