Шавкат Рахмонов мемлекеттен қаржыландыру алды – министр спортшымен кездесті

Шавкат Рахмонов мемлекеттен қаржыландыру алды – министр спортшымен кездесті
Сурет: Министрлік

Ол келесі жекпе-жектерге дайындалу үшін Спортты қолдау қорынан қаржыландырылады

Ережесіз жекпе-жек шебері Шавкат Рахмоновқа Спортты қолдау қорынан қаржыландыру бөлінеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бүгін Қазақстан спортының жарқын жұлдыздарының бірі – Шавкат Рахмоновпен жеке кездестім. Біздің жаужүрек спортшымыз бірінен соң бірі жеңіске жетіп, UFC-ді батыл қадамдарымен бағындырып, отандастарының жүрегіне мақтаныш сезімін сыйлап келеді.

Мен Шавкатты жақында америкалық Джефф Нилмен болған жекпе-жекте жеңісімен тағы да құттықтадым және оған алғыс хат табыстадым. Сондай-ақ ол келесі жекпе-жектерге дайындалу үшін Спортты қолдау қорынан қаржыландырылатын болады.

Шавкат бүкіл әлемге Қазақстанды паш етті және осы қадамы үшін біз оған айрықша алғысымызды жеткіземіз. Оның UFC чемпиондық белбеуін жеңіп алуына тілектеспін, толағай табыс тілеймін», - деп жазды министр Facebook-тегі жеке парақшасында.