«Сезімталдық теориясы»

«Сезімталдық  теориясы»
almaty-akshamy.kz

немесе көрнекті ғалым, есімі әлемге танымал философ  Жабайхан Әбділдиннің ғибратты жолына үңілгенде 

Еліміздің тарихының өткен ғасырдағы рухани кеңістігінің жүйелі қалыптасуы мен дамуына академиялық ғылым саласының қосқан үлесі мен алатын орны және атқарған қызметі елеулі деуге болады. Міне осы абыройлы істің бел ортасында көрнекті ғалым, қоғам қайраткері, нағыз ұстаз, еліміздің отаншыл адал перзенті, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиясының академигі Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин жүрді. Биыл ақпан айының 16-да әлемдік ғылыми ортаға танымал философ ағамыздың 90 жасқа толған мерейтойы өтеді.

Алдымен айта кететін игілікті жәйт: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті көптеген жылдар бойы ғылым мен білім саласында елімізге белгілі тарихы тұлғалардың өмір жолын, шығармашылығының жемістерін еліміздің руханияты үшін тиісті деңгейде бағалау мақсатында «Өнегелі өмір» сериясын шығарып келеді. Осы кітаптар сериясының 2013 жылы жарық көрген 29-шы шығарылымы «Жабайхан Әбділдин» деп аталады. Бұл еңбекте Ж.М.Әбділдиннің ғылыми, педагогикалық және қоғамдық қызметіне арналған профессор Мұрат Сәбиттің мақаласында ғалымның шығармашылық жолын төрт кезеңге сәтті жіктемеленеді: бірінші – оқып-өсу кезеңі (1958 жылға дейін); екінші – қарқынды ғылыми-зерттеу және ғылымды ұйымдастыру кезеңі (1959-1995); үшінші – қоғамдық-саяси өмірге белсене қатынасып, тәуелсіз Қазақстан Республикасының Парламентінде қызмет жасауы кезеңі (1995-2005); төртінші – 2006 жылдан бастап Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры ретінде дәріс беріп, білім-ғылым саласына қайта оралуы кезеңі. 

Қаз КСР ҒА Философия және құқық институтының бірінші директоры – отандық заң ғылымдарының патриархы, атақты академик С.З. Зиманов болды. Философия және құқық институты философия мәселелеріне терең де байыпты қызығушылық таныту арқылы үлкен беделге ие болды. Қазақтың мемлекеттік университетін философия мамандығы бойынша үздік бітірген, болашақ Ұлттық академияның академигі Жабайхан Әбділдин өзінің әріптестері - Мамия Баканидзе, Ағын Қасымжанов, Лев Науменко, Герасим Югайлармен жастық жігерлерімен біріккен ғылыми ізденістер жасады.

Ғылымды дамытудағы талпыныстарға барлық күш-жігердің мүмкіндігі салынса ғана әлеуметтік практикада адам ойының толық жүзеге асатындығы дәлелденді. Сөйтіп, елімізде өз алдына ірі философиялық мектеп қалыптасты. Оны ксіби мамандар Кеңестер Одағындағы «Алматы диалектикалық логика мектебі» деп атады. Осы отандық философиялық мектеп аясында тек тоталитаризмнің теориялық ұстанымының тотальдік үстемдігі жоққа шығарылып, нақты ойлау негіздері ғана жете зерттеліп қана қоймай, философиялық ойлаудың, ғылыми ізденістер жасаудың ерекше  үлгілері насихаттала бастады.

Жаңа логиканың бастапқы ой-ниеті, алғашқы кітап пен одан кейінгі жарияланымдар төрт томдық «Диалектикалық логика» атты еңбекте тұжырымдалды. Жаратылыстану және әлеуметтік ғылымдарының деректерінде диалектикалық ойлаудың біртұтастық, қайшылық, нақтылық,  абстрактіліктен нақтылыққа қарай асқақтау тәрізді ұстанымдары жан-жақты зерттелді. Ж.М. Әбділдиннің «Теориялық танымдағы бастау мәселесі» атты кітабы мамандар арасында танымал еңбекке айналды. 1959–1963 жылдары көрнекті қазақстандық философ Ж.М. Әбділдиннің басқаруымен, ғылыми жетекшілігімен институт ауқымында диалектикалық логика бойынша ірі философиялық мектеп қалыптасты.

1974 жылы философия ғылымдарының докторы, профессор Ж.М. Әбділдин Қазақ КСР ҒА Философия және құқық институтының директоры болып тағайындалды. Философия әлемінде үлкен қызығушылық танытқан Ж.М. Әбділдин мен Ә.Н. Нысанбаевтың «Теорияны құрудың диалектикалық-логикалық ұстанымдары» «Теорияны құрудың диалектикалық-логикалық ұстанымдары» атты көлемді монографиясы үшін Ш.Ш. Уәлиханов атындағы қоғамдық және географиялық ғылымдар саласындағы бірінші академиялық сыйлықпен марапатталды. Сол жылдары Алматы біртіндеп диалектикалық ойлау теориясын, логика және таным теориясы ретіндегі диалектиканы қалыптастыру бойынша бүкілодақтық үйлестіру орталығына айнала бастады. 

Кезінде Ж. Әбділдин өзінің «Кант диалектикасы» деген еңбегі үшін орынсыз қаралауларға ұшырап, кейбір замандастары тарапынан біршама қысастықтарды да көрді. Ойшыл И. Кант үшін «Таза зерденің сыны» практикалық зерде мен пайымдау қабілетін талдауға апаратын саты болғаны тәрізді, қазіргі философтар үшін диалектика, логика, таным теориясы бойынша зерттеулер бұдан былай этика және эстетика мәселелерін зерттеудің басы және шарты ретінде қарастырылуы тиіс деп кеңінен тұжырымдаған еді.  

Ж.М. Әбділдин ғылыми танымға арналған бірнеше ұжымдық монографияның шығуына жетекшілік етеді. Солардың ішінде Ж.М. Әбділдиннің ғылыми жетекшілігімен және құрамында М.И. Баканидзе, А.А. Ивакин, Л.К. Науменко, Ә.Н. Нысанбаев және М.С. Сәбитов сияқты беделді орындаушылары болған авторлық топтың «Материалистік диалектиканың негізгі қағидаттарын және олардың ғылыми танымдағы рөлін зерттеу» атты көлемді монографиялық топтамасы үшін (1967–1982 жж.) ғылым мен техника саласындағы ҚазКСР-ның Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Қазақстанның кәсіби философтарының зерттеулерінде рационалистік бастаулар басым болды, бірақ бұл кезеңде адам болмысының рухани аспектілері де ұмыт қала қойған жоқ. Себебі диалектикалық логика стратегиялық міндерттерге бағдарланған еді: адамзат бауырмалдығы қағидасына негізделген қоғам құру және жан-жақты, біртұтас адамды тәрбиелеу. Сонау ғасырлар қатпарында қалып қойған әл-Фараби мен Қорқыт, Асан қайғы мен қазақтың би-шешендері, ХХ ғасыр басындағы зиялылары мен данагөй Абай мен Шәкәрімдер көтерген көтерген руханилық мәселесі тереңінен пайымдала бастайды.

Академик Жабайхан Мүбәрәкұлы Әбділдин тәуелсіздік жылдары еліміздің Қазақстан Парламентінің Сенатында үлкен жалпымемлекетттік қызметтер атқарды, жаңадан қалыптасқан егемен елдің демократиялық құндылықтарының орнығап кетуіне елеулі үлес қосты, рухани, ұлттық, әскери қауіпсіздігіміздің нығаюына барынша еңбек сіңірді. Қоғам қайраткері ретінде Жәкең тәуелсіздікке дейін-ақ белсенді жасампаз әрекеттерімен танылды. Әсіресе, ХХ ғасырдың 80-шы жылдардың аяғында ашылған саяси мүмкіндіктерді пайдаланып, Алаш арыстарын  ақтап алуға сіңірген еңбегі атап өтерліктей болды. Кеңес Үкіметі тарапынан әділетсіз қудалауға ұшыраған қазақ руханиятының көрнекті өкілдері - А.Байтұрсынов, Ж. Аймауытов, М. Дулатов, М.Жұмабаев, Ш. Құдайбердиевтерді ақтау комиссиясын басқарып, олардың аттарын арашалап алуға көмектесті. Соның арқасында қазақ зиялыларының шығармашылығы қалың жұртшылыққа белгілі бола бастады.

Өзінің отбасындағы ғұмыры өмірлік жары Майдан жеңгемізбен бірге тату-тәтті тіршілігімен өрнектелген еді. Ғалымның қыздары Раушан, Бақыт, Жанар да қоғамның әр түрлі салаларында қызмет атқарып, үлкен табыстарға жетіп келеді. Раушан Әбділдина ҚР ҰҒА академигі, профессор өзінің шығармашылығын осы философия саласына арнаған білікті маман. Жабайхан Мүбәрәкұлы екеуі бірлесіп жазған халқымыздың ерекше тұлғалары - Шоқан Уәлиханов пен Абай Құнанбаев туралы көлемді монографиялық еңбектері халқымыздың рухани тарихына және көрнекті тарихи тұлғаларына арналған нағыз концептуалды, іргелі еңбектер.

Биыл Философия, саясаттану және дінтану институтына 65 жыл толып отыр. Институт тарихында көрнекті ғалымымыз Жабайхан Мүбәрәкұлының алған орны қомақты және көрнекті. Сондықтан жақында Институт қабырғасында ашылған арнаулы мүйіске қойылатын «Құрмет кітабына» Ж.М. Әбділдин есімі енгізілді. Әрине, Жабайхан ағамыз мемлекет тарапынан көптеген марапаттауларға ие болғаны жұртшылыққа белгілі. Ғалымның сіңірген еңбегін әсіресе әріптестері үздіксіз бағалай білу керек. Сондықтан ғылым саласындағы жас ұрпақ үшін маңызды нақты мәліметтер беретіндей ақпараттар жинақталды. Сөйтіп, ұрпақтар сабақтастығы ғылым мен білімде өзінің жалғастығын табатынына куә болудамыз. Руханияттағы, ғылым мен білімдегі  ғибратты өмір жолы дегеніміз осы екені анық.

 

Cерік Cейдуманов,

Қазақстан республикасы Ұлттық ғылым академиясы академигі,

Философия, саясаттану және дінтану институтының бас директоры