Қазақстандық экологтар тағы 64 итбалықтың өлексесін тапты

Қазақстандық экологтар тағы 64 итбалықтың өлексесін тапты
Сурет: Almaty.tv

5 бекіре тұқымдас балық өлі күйінде табылған.

Маңғыстау жағалауын тексеру барысында 64 өлі итбалық пен 5 бекіре тұқымдас балық табылды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Сайттың мәлімдеуінше, Форт-Шевченко теңіз порты аймағында Урдюк мүйісінен Баутинская мүйісіне дейінгі жағалаудан 64 итбалық пен 5 бекіре тұқымдас балық өлі күйінде табылған. Осы ақпарат бойынша экологтар және жергілікті атқарушы органның бірлескен жұмыс тобын құрып, аумақты зерттеу жұмыстарын жүргізген.

«Бұл бір күн бұрынғы оңтүстік-батыстан соққан желдің салдарынан болып отыр. Зертханалық зерттеу үшін өлген жануарлардан сынама алынып, тоңазытқышқа қойылды. Сондай-ақ су мен ауа сынамалары алынды»,- деп хабарлайды Маңғыстау облысы бойынша балық инспекциясы басқармасы.

Осыған дейін Каспий теңізінің Маңғыстау бөлігінен 94 өлі итбалық табылғаны хабарланған болатын. 

Сондай-ақ Маңғыстауда итбалықтардың қырылуына байланысты зерттеу жүргізілетіні жазылды.