Сайлауға көп адамдар отбасымен келіп жатыр

Сайлауға көп адамдар отбасымен келіп жатыр
Сурет: Сайлау 2023

Алматыда И.Есенберлин атындағы №25 мектепке орналасқан №91 сайлау учаскесіне келушілер қатары қалың. Аулада ойнап жатқан  көңілді музыканың өзі келушілерге ерекше көңіл-күй сыйлап тұр,деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz     
№91 сайлау учаскесінің төрайымы Ғазиза Аманбайдың айтуынша, осы аумақта тұрып жатқан елімізге белгілі тұлғалар Амантай қажы Асылбек,  Сағынай Абдуллин,  Бахтияр  Тайлақбаев, Айжан Нұрмағанбетова белсендідік танытып, өз таңдауларын жасаса, жастар жағы әлі де келіп жатқан көрінеді.      


– Біздің аумақ аса үлкен емес, сайлауға дауыс берушілер саны 1897 адам. Ең қарт тұрғынымыз - Ұлы Отан соғысының ардагері Ізгілік Дабаев жүз жаста. Ол кісінің жүріп-тұруы қиын болғандықтан, комиссия мүшелері сайлау жәшігін алып, үйіне барды. Тағы бір айта кетерлігі, сайлауға келушілердің дені отбасымен келіп жатыр. Мүмкіндігі шектелеулі жандардың да өз таңдауын жасауына толық жағдай жасалған. Жүруге арналған арнайы жолақ, лифт бар. Сайлау учаскесінде ешқандай құқық бұзушылық орын алған жоқ.  
Бұл күні дауыс берушілер қатарында Ринат пен Әйгерім Шаяхметовтердің де отбасы болды. Олар сайлауға үш жарым жастағы қызы Айри мен алты айлық ұлдары Әлімді ала келіпті, - дейді сайлау учаскесінің төрайымы Ғазиза Аманбай.