Жұмыс іздеген алматылықтарға бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті

Жұмыс іздеген алматылықтарға бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті
Сурет: Almaty.tv

Іс-шараға 90-ға жуық жұмыс беруші қатысып, 700 бос жұмыс орны ұсынылды.

Алматының Медеу ауданында бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап. 

Республика сарайында өткен іс-шараға 90-ға жуық жұмыс беруші қатысып, 700 бос жұмыс орны ұсынылды. Жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері келушілердің сұрақтарына жауап берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, жұмыс іздеп келген азамат көп.

«Бос орындар жәрмеңкесі биыл үшінші мәрте өтті. Бүгінгі жәрмеңке Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығымен бірігіп, ұйымдастырылды. Біздің Медеу ауданында қала бойынша жұмыс іздеп жүрген азаматтардың бәрін шақырдық. Қазір 700-ге жуық бос жұмыс орнын беріп отырмыз», – деді Медеу ауданы әкімінің орынбасары Айдар Нұрлыбаев.

Айта кетейік, жәрмеңкеге пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтар да келіп, жұмысқа жолдама алды. Бүгінде Медеу ауданы бойынша 483 адам есепте тұр.

«Жұмыссыз жүргеніме 40 жыл болды. Жәрмеңкеден өзіме жұмыс таптым. Алдымен Медеу ауданының әкімдігіне алғыс білдіремін. Енді жұмысыма адал боламын деп ойлаймын. Бәрі тамаша»,– деді жұмыс іздеуші Евгений Смирнов.