Сайлау өзгеріс орнатады

Сайлау өзгеріс орнатады
Сурет: Қ.Қонысбаев

Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарын сайлау 19 наурызға бекітілді. Бұл саяси үдеріс кезінде партиялар, жекелеген тұлғалар додаға қатысады. Осы мәселеге орай саяси сарапшылар да үн қосуда.

Философия, саясаттану және дінтану институтында алдағы сайлауға қатысты жиын өтті. Шарада «Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауының сайлау процесіне этно-мәдени бірлестіктердің қатысуын талқылау» тақырыбы ортаға салынды. Іс-шараны алғысөзбен осы институттың Бас директоры Серік Сейдуманов ашып берді. Ал модераторлықты Шайкемел Мұхтарбек жүргізді.

Жиынға белгілі қазақстандық ғалымдар мен сарапшылар, этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері мен Алматы қаласы ҚХА мүшелері, сондай-ақ қоғам өкілдері мен журналистер қатысты.

Белгілі ғалым, философия ғылымының кандидаты Айдар Әмребаев Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмыстары төңірегінде ой қозғады. Сонымен қоса, оның қоғам өміріндегі маңыздылығына тоқталды. Алдағы уақытта мұндай институционалдық құрылымның қаншалықты қажеттігі және өзектілігі жөнінде ойларымен бөлісті.

– Қазақстан халқы Ассамблеясы өз кезеңінде маңызды рөлге ие болды. Елдің саяси өмірінде аса белсенділік танытты. Біраз игі жұмыстарға атсалысты. Ол жағы анық. Саяси аренада да қомақты үлесінен айрылмады. Ұдайы қолдау тауып жүрді. Елдегі Парламент сайлауы кезінде белсенді жұмыс керек. Осы тұста Ассамблея жарқырап көрінетін шағы деп білеміз. Әрқашан «жеңілдің астымен, ауырдың үстімен» жүрмей, ашық белсенді жұмыс істесе деген ниеттеміз. Отанымыз баршамызға ыстық, ортақ, қасиетті үй екенін ұмытпайық, – деді ғалым Айдар Молдашұлы.

Парламент сайлауына орай ҚХА мүшелері де белсенділік танытып жүр.

– Елде ауқымды саяси науқан басталды. Көптеген өзгерістер болып та, жасалып та жатыр. Ассамблея белсенді әрі ширақ қимылдау үстінде. Барлық істен шеткері қалмады. Сын көп айтылуы мүмкін. Бірақ сайлауда өз таңдауымызды бір кісідей білдіреміз деп ойлаймын, – деді ҚХА мүшесі Шайкемел Мұхтарбек.