«Сарыатан-зауза»

«Сарыатан-зауза»
mavink.com

*Қазақы пайым

 Шаруаға сауын сиырларын жабулатып, қораларын  бүтіндеткен амал. Амалдың тәмсілі: «Жабу  басында жал қалады, жал қалмаса  жан қалады»


Майлы ішек атанған мамырдың алғашқы он күні артта қалды. Мамырда малдың ішегіне май жүгіретін болғандықтан да бұл ай осылай аталған.

Жалпы, бұрынғылардың айтуынша,  бұл айдың атауы көп. Кешегі кеңестік дәуірде май айы дедік. Қазір мамыр дейміз. Бабаларымыз зауза деген. Сәуір құралай деп аталған кездері де болған.

Өткен жолы пайымымызда құстардың жұмыртқа шайқап жатқанын, енді 3-4 күнде балапан шығаратынын айтқанбыз. Солай болды да, бір-екі күннен бері саябақтардан, көше бойларындағы терек пен қара ағаштардан құстардың  даусы естіле бастады. Бұл ызғарлы желі мен өткінші жаңбыры бар «Қызыл жұмыртқа» амалының ойдағыдай өткенін білдірсе керек.

Өткенде шет жағасын айтқан «Сарыатан-Зауза» амалы кешеден  бері көрініс берді. Ол мамырдың 15 жаңасына дейін жалғасады. Сарыатан – түйенің аты, Зауза – қыз баланың есімі. Қазекең әр әңгімесін аңызға тіреген, соңын аңызбен түйіндеген халық қой.  Бұл амал туралы да шындыққа бергісіз аңыз бар. Онда былай делінеді: Сарыатанға мінген, желең киінген Зауза қыз Құрбан айтта қыдырмақшы болып (тағы бір аңызда отынға  барғанда), заулатып келе жатып жолда үсіп өліпті. Атан мен қыздың опат болуы күннің салқындығынан болған дейді. Қыздың киімі жұқа екен, атан ерте күзелген көрінеді. Мамырдың ортасына таманғы ызғарлы аптаның «Сарыатан-Зауза» аталуына осы оқиға себеп болған деседі.

Осыдан кейін «Сарыатан-Зауза» өткесін ғана түйені күзеуге болады, өйтпеcе түйе малы суыққа ұрынып, үсіп өледі» деген тұжырым жасалыпты. Қазақ халқы «жабу басында жал қалады, жал қалмаса жан қалады» деп сауын сиырларын жабулап, қораларын бүтіндейтін болған.

Амалдың «сары шыбжық» деген де атауы бар. Бұл торғайдың аты. Шыбжық торғай зауза амалы мезгілінде қойдың үстіне қонып алып сайрайды әрі құрт теріп жейді. Боз шымшық, сары шымшық, шыбжық. Бұлар  сары торғай тұқымдасына жатады. Шыбжық жыл құсы. Құрт-құмырсқамен қоректенетін кішкене сары торғай. Ол көктемде ұшып келіп, күзде қайта қайтып кетеді. Маңғыстау өңірінде шымшықтың сары шыбжық, көк шыбжық деген, т.б.  түрлері бар.

Осы амалға қатысты «Отамалы – ойылған қыс, сәуір – сәнді қыс», «сарыатан-зауза» сенен де қорқам» деген сөз қалған.

Зауза деген қоңыз да  бар.  Қаттықанаттылар отрядының тақта мұрттылар тұқымдасына жататын  жәндік. Бұл қоңыз туралы өткен пайымда  айтқанбыз. Негізінен Еуразия құрлығында кең тараған (36 түрі белгілі). Қазақстанда 2 түрі ұшырасады: шығыс зауза қоңызы және батыс зауза қоңызы. Тәуіптер мен емші әжелер зауза (қоңыз) майын жинайтын болған. Ол барлық ауруға ем көрінеді.

Бүгін қолданыстағы күнтізбе бойынша  мамырдың – 11-і, ай есебінше, 21-і, ал қазақша – 7-сі. Апта айдың басы мен ортасына дөп келіп, соңғы онкүніне иек артып тұр. Аспан денелерінің қозғалысына қарағанда, күн жылынғанымен ертелі-кеш салқын сақталуы мүмкін...

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Табиғат құбылыстарына қарап  жасалған жорамал:

 *Күн кенет ысып кетсе, жауын жауады.

*Құйын көп болса, қыс аязды болады.

*Аңызақ – қыста болатын аяздың белгісі.

*Жұлдыздар жарқырап тұрса, ертеңгі күн ыстық болады.

*Бұлт желге қарай көшсе, жаңбыр жауады.